Жаңалықтар

39,6 трлн теңге: Ұлттық қор инвестициялық табыс есебінен өсім көрсетті

Ұлттық қорға қанша ақша түсті / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылы Ұлттық қорға 10,2 трлн теңге түскен. Алайда бюджет тапшылығын жабу үшін былтыр 5,25 трлн теңге алынған. Сонымен қатар қорды басқаруға және жыл сайынғы сыртқы аудитті жүргізуге 54 млрд теңге жұмсалған. Нәтижесінде қор активтері бір жылда шамамен 4,9 трлн теңгеге өсіп, 39,6 трлн теңге болды.

2026 жылдың 1 қаңтарына жасалған ресми есеп Ұлттық қордың 2025 жылы екі түрлі функцияны қатар атқарғанын көрсетеді. Бір жағынан, қор республикалық бюджеттің әлеуметтік және экономикалық міндеттемелерін қаржыландыруға пайдаланылса, екінші жағынан, инвестициялық табыс арқылы өзінің жинақтаушы рөлін сақтап қалды.

Есепті кезеңнің басында Ұлттық қорда 34,7 трлн теңге болған. Жыл ішінде қорға 10,2 трлн теңге түсті. Бұл қаражаттың құрылымы Қазақстан экономикасының мұнайға тәуелді сипаты әлі де сақталып отырғанын аңғартады.

Қорға түскен түсімдердің елеулі бөлігі – мұнай секторынан. Тікелей салықтар көлемі 3,7 трлн теңгені құрады. Оның ішінде корпоративтік табыс салығы, пайдалы қазбаларды өндіру салығы, экспортқа салынатын рента және өнімді бөлу туралы келісімдер бойынша мемлекеттің үлесі негізгі орын алды.

Алайда 2025 жылғы басты айырмашылық – инвестициялық кірістердің рөлі. Қорды 9 ай басқарудан түскен инвестициялық табыс 6,4 трлн теңгеге жетті. Қордан бюджетке қомақты қаражат алынғанына қарамастан, инвестициялық табыс қордың ортаймауына себеп болды.

Сонымен қатар жекешелендіру, ауыл шаруашылығы жерлерін сату, банктердің проблемалық активтерін сатудан түскен қаражат және мұнай секторынан тыс салықтық емес түсімдер Ұлттық қор кірістерін әртараптандыруға белгілі бір деңгейде үлес қосты. Дегенмен олардың жалпы көлемі негізгі көздермен салыстырғанда айтарлықтай аз.

2025 жылы Ұлттық қордан барлығы 5,3 трлн теңге жұмсалды. Оның 2 трлн теңгесі кепілдендірілген трансферт болса, 3,25 трлн теңгесі – нысаналы трансферт.

Нәтижесінде, барлық түсімдер мен шығыстарды есептегенде, 2026 жылдың басында Ұлттық қордағы қаражат көлемі 39,6 трлн теңгені құрайды.

2024 жылы Ұлттық қорға жалпы 8,8 трлн теңге түскен. Сол жылы қордағы қаржыдан Үкімет 5,6 трлн теңге алған. Ал биыл қордан 2,7 трлн теңге алу жоспарланып отыр.