Жаңалықтар

«Ұлттық қор – балаларға»: ақша есепшотқа қашан түседі

Ақша балалардың есепшотына қашан аударылады / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясындағы кезекті төлем балалардың есепшотына 2026 жылғы 1 ақпанынан кешіктірілмей аударылады. Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) хабарлады.

Төлем 2025 жылғы 31 желтоқсанда 18 жасқа толмаған балаларға төленеді. Сонымен қатар 2008 жылы туған және 2026 жылы 18 жасқа толатын қазақстандықтардың осы уақытқа дейін жиналған жинақтары да олардың жеке шоттарына 1 ақпанға дейін толық аударылады.

Төлем мөлшері қанша

Қазіргі таңда үшінші төлемнің нақты сомасы бекітілген жоқ. БЖЗҚ-ның түсіндіруінше, әр балаға тиесілі қаражат көлемі:

  • Қазақстандағы балалар санына;
  • Ұлттық банктің Ұлттық қордан балаларға есептелген мақсатты талаптар жөніндегі деректеріне;
  • сондай-ақ Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісіне байланысты есептеледі.

Ақшаны қалай және қашан пайдалануға болады

Бағдарлама талаптарына сәйкес, жиналған қаражатты 18 жасқа толғаннан кейін, тек білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалануға болады.

Бұл қаражатты басқа мақсатқа жұмсауға немесе мерзімінен бұрын шешіп алуға рұқсат жоқ.

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы 2024 жылдың 1 қаңтарынан басталған. Соған сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы 18 жасқа дейінгі балалардың есепшотына аударылады.

Айта керейік, 2023 жыл үшін әр балаға 100,5 доллардан, ал 2024 жылға 129,4 доллар көлемінде қаражат аударылған.

2025 жылы Ұлттық қордың инвестициялық табысы жақсы болды. Қаржы министрлігінің есебіне сәйкес былтыр 9 айда 6,5 трлн теңге инвест табыс түскен.