
Үкімет басшысы Олжас Бектенов сенаторларға берген жауабында биыл Қазақстанның қай қалалары арасындағы әуе рейстеріне субсидия бөлінетінін атап өтті.
Жалпы Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар авиамаршруттарды субсидиялау бағдарламасы 2002 жылы басталған. 2025 жылға арналған бюджетті қалыптастыру шеңберінде 23 авиамаршрутты субсидиялауға 6,4 млрд теңге көзделген.
Оның ішінде:
Түркістан – Ақтау – 8 ай ішінде аптасына 2 рейс, тариф 28 000 теңге, сомасы 296,3 млн теңге;
Көкшетау – Ақтау – 11 ай ішінде аптасына 2 рейс, тариф 30 000 теңге, сомасы 488,817 млн теңге.
«Сондай-ақ бюджет қаражатын оңтайландыру шеңберінде 2025 жылдың 23 қыркүйегінен бастап Ақтау – Қарағанды авиамаршруты аптасына 2 рейс жиілігімен 3 ай мерзімге ашылды, тариф – 25 000 теңге, сома – 125 млн теңге. Сонымен қатар QAZAQ AIR авиакомпаниясы 2025 жылдың қаңтарынан бастап аптасына 2 рет жиілікпен Қарағанды – Түркістан бағыты бойынша субсидияланатын авиарейсті іске қосты», – делінген жауапта.
Бұдан басқа, Ақтау – Қостанай, Ақтау – Қарағанды, Ақтау – Атырау, Ақтау – Ақтөбе, Ақтау – Орал, Ақтау – Петропавл, Ақтау – Тараз бағыттары бойынша 2026-2028 жылдарға қосымша қаражат бөлу пысықталып жатыр.
Айта кетейік, Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Зайсан, Катон-Қарағай және Кендірлі әуежайларының құрылысына қатысты KursivMedia тілшісінің сұрақтарына жауап берген еді.
Еске салсақ, бұған дейін 2025 жылғы 1 желтоқсаннан бастап Түркістан – Бұхара, Түркістан – Үргеніш (Хиуа) және Түркістан – Самарқанд бағыттарымен қатынайтын жаңа әуе рейстері ашылатыны хабарланды. Сондай-ақ SCAT Airlines 2026 жылы көктемде Латвияға ұша бастайды.