
Түркістан облысында ауыл шаруашылығын қолдауға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша бірнеше адамға қатысты сот үкімі шықты. Бұл жайлы Бас прокуратура мәлімдеді.
Прокуратураның мәліметінше, қылмыс 2020 – 2023 жылдар аралығында жасалған.
Тергеу барысында жосықсыз кәсіпкерлер ветеринарлық бақылаудағы олқылықтарды пайдаланып, мемлекеттік субсидияларды заңсыз алғаны анықталған. Атап айтқанда, бірқатар шаруа қожалықтары үшінші тұлғаларға бұрын сатылып кеткен малды өз иелігінде көрсеткен. Олар «Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру» ақпараттық жүйесіндегі деректерді заңсыз пайдаланған.
«Атап айтқанда, шаруа қожалығы бұрын сатылған 440 бас ірі қара мал және 5 088 бас ұсақ мал туралы мәліметтерді заңсыз пайдаланып, оларға субсидия рәсімдеген. Нәтижесінде мемлекетке келтірілген залалдың жалпы сомасы 271 млн теңгені құрады. Кінәлілерге 5 жылдан 6 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – делінген хабарламада.
Қылмыстық істі арнайы прокурорлар тергеген. Сонымен қатар мемлекет кірісіне 140 млн теңге өндірілді.
Тексеру нәтижелері қаржы жымқыру фактілеріне ветеринарлық қызмет тарапынан тиісті бақылаудың болмауы себеп болғанын көрсеткен.