Осман дәуіріндегі Құран Нью-Йорк қаласының мұрасына айналды

Нью-Йорк қаласының тұңғыш мұсылман мэрі Зохран Мамдани қызметіне кірісу кезінде Осман дәуіріне тиесілі, XVIII ғасырға жататын қолжазба Құранға қолын қойып ант берді. Кейін бұл тарихи жәдігер қаланың мәдени мұрасының бір бөлігі ретінде жарияланды.
Мэрдің айтуынша, ант беру рәсімінде пайдаланылған Құран Осман империясы кезеңіндегі Сирияда көшірілген және бұрын белгілі коллекционер Артуро Шомбургке тиесілі болған. Қолжазба қара сиямен жазылып, мәтіннің бөлімдері қызыл түспен ерекшеленген, артық сәндік элементтері жоқ, күнделікті оқуға арналған нұсқа болған.
Зохран Мамдани бұл Құранды «Нью-Йорк тарихындағы жаңа кезеңнің символы» деп атап, қала тұрғындарының барлығына ортақ рухани әрі мәдени құндылық ретінде бағалайтынын айтты.
Аталған қолжазба Нью-Йорк қоғамдық кітапханасының (New York Public Library) бас ғимаратында көрмеге қойылып, бүгіннен бастап көпшілікке ашық болады.
Айта кетейік, 34 жастағы Зохран Мамдани Угандада дүниеге келген. 4 қараша күні өткен сайлаудың алдын ала қорытындысы бойынша соңғы жүз жылдағы Нью-Йорктің ең жас мэрі әрі қаланы басқарған алғашқы мұсылман атанды.