Шетел азаматтары ықтиярхат алу үшін қазақ тілінен тест тапсыруға міндеттеледі

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: kursiv.media мұрағаты

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкіметтің 2025 жылғы желтоқсанда қабылдаған 2030 жылға дейінгі Көші-қон саясаты тұжырымдамасының негізгі ережелерін түсіндірді.

Мигранттарды бақылау

Министрдің сөзінше, қазіргі заманда көші-қон саясаты қоғамдағы, экономикадағы және әлемдегі өзгерістердің айқын көрсеткішіне айналып отыр. Сондықтан басты назар «Заң және Тәртіп» қағидатының сақталуында болады.

Заң бәріне ортақ. Сондықтан көші-қон талаптарын бұзғандар жауапкершіліктен сырт айналып кете алмайды. Бұл талап мигранттарға да, жұмыс берушілерге де бірдей қолданылады. Қауіпсіздік елге кіруден бастап, елден шығуға дейін толық қамтамасыз етіледі. Біздің мақсатымыз – Қазақстанға заңды сыйлайтын, мәдениетімізді құрметтейтін адамдардың келуі, деп атап өтті министр.

Қазақ тілінен тест

Балаеваның айтуынша, 2026 жылғы қаңтардан бастап жаңа тәртіп енгізіледі. Оның аясында ықтиярхат алғысы келетін шетел азаматтары, соның ішінде этникалық қазақтар, алдын ала іріктеуден өтеді. Оған мемлекеттік тілді білу тесті, цифрлық сауалнама,  уәкілетті органдардың тексерулері және әңгімелесу кіреді.

«Мемлекеттік жеңілдіктер мен қолдау бағдарламаларын пайдалану үшін олар қандас мәртебесін рәсімдеп, еңбек күші тапшы өңірлерге қоныстануы керек. Бұл – Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары. Біз отандастарымызды мемлекеттік стратегияны ұстануға шақырамыз. Өңірлік квотаға кірген қандастар көшіп келген кезде 5 жылға әлеуметтік келісімшарт жасайды. Мемлекет оларға көшуге, баспанаға және жұмысқа орналасуға көмектеседі. Ал егер отбасы бес жыл өтпей басқа өңірге көшсе, алған көмекті қайтаруға тиіс болады», – деп түсіндірді министр.

Сонымен қатар балама жол да бар. Яғни, мемлекеттік қолдаусыз, жалпы тәртіппен тұрақты тұруға рұқсат алу. Бұл жағдайда азаматтар өңірді өз қалауынша таңдай алады.

Аида Балаева жаңа көші-қон саясаты кезең-кезеңімен енгізілетінін айтады. Сөзінше, қоғамның, бизнестің және өңірлердің пікірі ескеріледі. Заңды құрметтейтін, адал азаматтарға әрдайым басымдық беріледі. Цифрлық құралдар заңсыз әрекеттер мен жалған құжаттарды жоюға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, былтыр 14 828 этникалық қазақ атамекеніне оралып, қандас мәртебесін алды. 

Сондай-ақ оқыңыз