Қырғызстан АҚШ азаматтары үшін визалық режимді қайта қарауы мүмкін

Қырғызстан АҚШ азаматтары үшін визалық режимді қайта қарауы мүмкін. Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Эдиль Байсалов осындай мәлімдеме жасады.
Kaktusmedia ақпаратына қарағанда, ол «Қырғызстан АҚШ енгізген визалық кепіл талаптарына жауап ретінде тиісті шаралар қабылдауы тиіс» деп санайды.
Байсаловтың пікірінше, Қырғызстан АҚШ азаматтары үшін қолданылып отырған визасыз режимді қайта қарауы қажет.
«АҚШ Мемлекеттік департаменті кеше жариялаған жаңа визалық талаптардан кейін, яғни Қырғызстан азаматтары визаға өтініш берген кезде 15 мың АҚШ долларына дейін визалық кепіл төлеуге міндеттелген жағдайда, біз АҚШ азаматтары үшін визасыз режимді қайта қарауды бастауымыз керек деп есептеймін», – деп жазды вице-премьер X әлеуметтік желісінде.
Оның пікірініше, визалық саясат – бұл теңдік пен өзара құрмет мәселесі. Азаматтарына осындай кедергілер қойылса, онда Қырғызстан ештеңе болмағандай кейіп таныта алмайды.
Еске сала кетейік, АҚШ Мемлекеттік департаменті азаматтарынан АҚШ визасын алу үшін кепілдік жарна талап етілетін мемлекеттердің тізімін жариялады. Оның ішінде Қырғызстан да бар.