
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ баспасөз қызметі Ішкі істер министрлігінің Шымкент мұнай өңдеу зауытының аумағынан мұнай өнімдерін заңсыз жөнелту туралы ақпаратына түсініктеме берді. Компания ұрлық «Шымкент Мұнай Өнімдері» АҚ жеке компаниясында болғанын мәлімдеді.
«Шымкент МӨЗ («ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС) аумағынан мұнай өнімдерін ұрлау схемасының жолын кесу туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдейміз», – делінген ҚМГ мәлімдемесінде.
Онда Шымкент МӨЗ аумағынан мұнай өнімдерін айдау тапсыру-қабылдау актілерін міндетті ресімдей отырып, нұсқаулыққа сәйкес қатаң түрде жүргізілетінін атап өтті. Барлық процестер бақылаушы органдар үшін автоматтандырылған және ашық екенін хабарлады.
«Мұнай өнімдерін жөнелту теміржол көлігімен, сондай-ақ, құбыр арқылы «Шымкент Мұнай Өнімдері» АҚ жеке ұйымына ұсынылған өтінімдер негізінде ғана жүзеге асырылады. Айта кетейік, мұнай өнімдерін ұрлау туралы жарияланымдарда сөз болып отырған «Шымкент Мұнай Өнімдері» жеке компаниясы «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС (Шымкент МӨЗ) құрамына кірмейді және зауыт аумағынан тыс жерде орналасқан», – деп мәлімдеді «Қазмұнайгаз».
8 қаңтарда ІІМ Шымкент мұнай өңдеу зауытының аумағынан 1 млрд теңгеден астам мұнай өнімдерін ұрлау схемасының жолын кескенін хабарлады.