Жаңалықтар

Стоматологияға тыйымнан кейін зейнетақы жинағын радиохирургияға ала бастады

Зейнетақы қоры 2,5 млрд теңгені сот арқылы өндіріп алады / фото: Kursiv.Media мұрағаты
фото: ашық дереккөзден

2025 жылдың желтоқсанында Қазақстанда зейнетақы жинақтарын емделуге алу саны күрт өсті. Бірінші кредиттік бюроның мәліметінше, бір ай ішінде радиохирургияға, соның ішінде қатерлі ісікті емдеуде қолданылатын гамма-пышақ пен киберпышақты пайдалана отырып емделуге 7 154 өтініш түскен. Ол төлемдердің жалпы сомасы – шамамен 5,6 млрд теңге.

Салыстыру үшін айтсақ, бағдарлама жұмыс істеген уақыт ішінде бұл санат бойынша 548 млн теңгеге небәрі 507 өтініш қана орындалған. 2025 жылдың басында радиохирургия бойынша ай сайынғы орташа көрсеткіштер 10 өтініштен аспаған болатын. Нағыз белсенді өсім қараша айында басталып, 204 млн теңгеге 236 өтініш мақұлданған.

Бірінші кредиттік бюро сараптауынша, бұл зейнетақы жинақтарын емделуге алу кезінде байқалған алғашқы өзгеріс емес. Қыркүйек айында стоматологиялық қызметтерге төлем жасауға тыйым салынғаннан кейін басқа бағыттарға өтініш беру күрт өсті.

Тергеу дерегінше, 42 стоматология арқылы зейнетақы қорынан 200 млрд теңге заңсыз шығарылған. Осындай алаяқтық әдістер көбейген соң тіс емдеуге берілетін қаражат тоқтады.

Осыдан кейін қазақстандықтар зейнетақы қаржысын пластикалық операцияға ала бастады. Бірақ желтоқсан басында оған да тыйым салды.