Биыл Павлодарда 20 мың орындық жаңа футбол стадионы салынады

2026 жылы Павлодар облысында бес ірі әлеуметтік маңызы бар нысанның құрылысы басталады. Олардың арасында 20 мың орындық жаңа футбол стадионы бар. Бұл туралы Kursiv.Media өңір әкімдігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлады.
Бес нысанның төртеуі облыс орталығында орналасқан. Атап айтқанда, биыл екі мұз айдыны мен керлинг алаңдары бар Мұз сарайы, 1 500 орындық екі залы бар Конгресс-холл, 5 000 адамды қабылдай алатын ірі спорт кешені, сонымен бірге 20 мың орындық жаңа футбол стадионы.
Облыс әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында 450 млрд теңгеге жуық 20-дан астам ірі инвестициялық жоба іске қосылады. Бұған қоса, 32 әлеуметтік нысанды салу мен жөндеу жоспарда бар.
Өңір басшысы 2028 жылдан бастап Павлодар облысы толықтай өзін-өзі қаржыландыруға көшетінін, дотациялардан бас тартатынын мәлімдеді.
2025 жылы өңір экономикасына 1,2 трлн теңге инвестиция тартылған. Соның арқасында Павлодар облысы республика бойынша екінші орынға тұрақтаған.
Қазақстанның бірнеше қаласы жаңа стадион салғалы жатыр. Ең үлкен стадион Алматы қаласында салынады. Ал миллиардер компаниясы Семейде 25 мың орындық жаңа стадион құрылысын жүргізіп жатыр. Ақтөбеде 35 мың орындық заманауи футбол стадионы салынатыны хабарланған.
Павлодарлық «Ертіс» футбол клубы Қазақстанның бес дүркін чемпионы атанған. Алайда бес жыл бұрын дағдарысқа ұшыраған команда Премьер-лигаға енді ғана оралды.