Жаңалықтар

Венесуэла АҚШ шабуылынан 100 адам қаза тапқанын мәлімдеді

АҚШ Венесуэла
фото: shutterstock

Венесуэла ішкі істер министрі Диосдадо Кабельо АҚШ-тың президент Николас Мадуроны ұстау мақсатында жүргізген шабуылынан 100 адам қаза тапты деп мәлімдеді. Бұл туралы Reuters хабарлады.

Каракас бұған дейін нақты қанша адам өлгені туралы ресми мәлімет таратпаған, бірақ армия 23 жауынгердің есімін жариялаған.

Венесуэла шенеуніктері Мадуро қауіпсіздігін қорғаушылардың басым бөлігі «аяусыз өлтірілгенін» хабарлады. Бұл уақытта Куба билігі де Венесуэладағы жауынгерлері мен барлау бөлімінің қызметкерлері қаза тапқаны туралы жариялаған.

Министр Кабельоның айтуынша, Мадуроның әйелі Силия Флорес америкалық рейд барысында басынан жараланған. Бұған қоса, президенттің аяғына зақым келгені мәлім болды.

Осының алдында ғана Венесуэла президенті міндетін атқарушы Дельси Родригес АҚШ операциясы кезінде қаза тапқандарды еске алу үшін бір апта аза тұту күндерін жариялаған.