
Полиция WhatsApp-та алаяқтықтың жаңа түрі пайда болғанын айтып, қазақстандықтарды сақ болуға шақырды.
Polisia.kz ақпаратына қарағанда, кибералаяқтар GhostPairing әдісін қолданып, WhatsApp аккаунттарына жасырын түрде қол жеткізіп жатыр.
«Ол үшін олар WhatsApp немесе Facebook атынан жалған хабарлама жіберіп, ресми сервиске ұқсас фейк-парақшаға өтуді сұрайды. Сол жерде телефон нөмірі мен растау коды енгізілген сәттен бастап, алаяқ аккаунтқа қосымша құрылғы ретінде қосылып, хат алмасуларды оқи алады, файлдарды көреді және жәбірленуші атынан хабарлама жібереді», – делінген ақпаратта.
Алайда телефон бұл кезде қалыпты жұмыс істей береді. Аккаунттың бұзылғанын тек WhatsApp-тағы «Байланыстырылған құрылғылар» бөлімінен ғана білуге болады. Сондықтан, полиция белгісіз құрылғы анықталса, оны дереу жоюға кеңес береді.
«Ешқашан растау кодын бөгде сайттарға енгізбеңіз, қосымшадан тыс код сұрау – алаяқтықтың белгісі. Екі факторлы аутентификацияны қосып, аккаунт қауіпсіздігін тұрақты бақылауда ұстаңыз», – деп ескертті полиция.
Мұның алдында Ресейде WhatsApp толық бұғатталуы мүмкін екені мәлім болды.