Жаңалықтар

Air Astana істі болған қызметкерінің мәлімдемесіне жауап берді

самолет
Air Astana істі болған қызметкерінің мәлімдемесіне жауап берді / Фото: Shutterstock

Air Astana компаниясы істі болған қызметкері Ренат Абулхановтың мәлімдемесіне қатысты ресми жауап жария етті. Осыған дейін Абулханов компания басшылығының туыстарына әуе билеттеріне жеңілдік барын айтқан еді.

Компания Абулхановқа қатысты құзыретті органдардың қылмыстық іс жүргізіп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ компанияның заң шеңберінде қатаң әрекет етіп, тергеуге қажетті жәрдем көрсетіп жатқанын ескертті.

«Басшылықтың тапсырмаларын орындаудан бас тартқаны үшін компания тарапынан қудалау орын алды деген мәлімдемелер шындыққа жанаспайды және қоғамдық пікірмен айла-шарғы жасаудың жолы», – делінген компания хабарламасында.

Алайда компания Абулханов жария еткен материалдардың дұрыстығын, толықтығын және түпнұсқалығын растамады. Оларды тексеру заң аясында жүргізілуі керектігін атап өтті.

«Компания өзінің іскерлік беделіне нұқсан келтіретін тексерілмеген ақпарат пен материалдарды таратуды жалғасып жатқан талқылау кезеңінде қоғамдық пікірге қысым көрсету әрекеті ретінде қарастырады және өзінің заңды мүдделерін құқықтық тәсілдермен қорғау құқығын өзіне қалдырады», – делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, әуе компаниясы БАҚ өкілдері мен қазақстандықтарды сот процессі аяқталғанға дейін асығыс тұжырым жасамауға шақырды.

Еске салайық, қазір сотта FlyArystan лоукостеріндегі ұрлыққа қатысты іс қаралып жатыр. Істегі үш сотталушының бірі Ренат Абулханов Air Astana әуе компаниясын айыптаған. Оның сөзінше, компания басшылығының нұсқауымен топ-менеджмент үшін билет бағасын төмендетіп отырған. Оның бұл сөзінен Көлік прокуратурасы тергеу жұмыстарын бастаған.