АҚШ-та полицейлер тұрғындарға оқ атты, елде толқулар басталды

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
АҚШ полицей оқ атты, халық көшеге шықты
АҚШ-та полицейлер тұрғынға оқ атып, халық көшеге шықты / фото: АР

АҚШ-тың екі бірдей ірі қаласында федералдық агенттер тұрғындарға оқ атқан. Миннеаполисте атыс болып, әйел адам қаза тапты. Ал Портлендте ерлі-зайыптылар ауруханаға түсті. Осыдан кейін елде наразылық басталып, америкалықтар көшеге шықты.

37 жастағы Рене Николь Гуд кім

7 қаңтарда АҚШ-тың Иммиграциялық және кедендік полиция (ICE) қызметкері 37 жастағы Рене Николь Гудты өлтірді. CNN журналистері атыс болған маңайдағы видеоларды зерттеп шығады. Олардың жазуынша, официер жолда көлденең тұрған көлікке жақындап, әйелге сыртқы шығуды бұйырады. Осыдан кейін машина ақырын алға-артқа қозғала бастайды. Көлік алдында тұрған ICE қызметкерлерінің бірі тапаншасын алып атып жібереді. Машина жанында тұрған басқа көлік пен бағанаға соғылады. Жедел-жәрдемді полиция қызметкерлері шақырады.

АҚШ азаматы Рене Николь Гуд әлеуметтік желілердегі парақшаларында өзін Колорадо штатының тумасы, бірақ қазір «Миннесотаны танып-біліп жүрген» «ақын, жазушы, жар және ана» ретінде сипаттаған. Associated Press-тің хабарлауынша, Гуд өткен жылы Канзас-Ситиден Миннесотаға қоныс аударған. Оның артында үш баласы қалды. Бірінші некесінен 15 және 12 жастағы қызы мен ұлы, сондай-ақ екінші некесінен 6 жасар ұлы бар.

Екі адам ауруханаға түсті

Ал 8 қаңтарда Орегон штатының Портленд қаласында АҚШ-тың Шекара қызметінің (CBP) агенттері автокөлікті тоқтату кезінде оқ жаудырып, екі адамды жаралады. Ішкі қауіпсіздік министрлігінің (DHS) мәлімдеуінше, агенттер «Tren de Aragua» венесуэлалық қылмыстық тобына қатысы бар деген күдіктіні ұстау үшін көлікті тоқтатқан. Бірақ жүргізуші агенттерді қағып кетпек болады. Осыдан кейін агенттер өзін-өзі қорғау мақсатында оқ атқан.

Бір ер адам мен бір әйел жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Олардың жағдайы әзірге белгісіз. Портленд мэрі Кит Уилсон федералды биліктің түсініктемесіне күмән келтіріп, Иммиграциялық және кедендік бақылау қызметін (ICE) қаладан дереу кетуге шақырды. Қазіргі уақытта бұл оқиғаны ФБР тергеп жатыр.

АҚШ-та полицейлер тұрғынға оқ атып, халық көшеге шықты
АҚШ-та полицейлер тұрғынға оқ атып, халық көшеге шықты / фото: АР

Рене Николь Гудты өлімінен кейін Миннеаполисте наразылық шаралары басталды. Толқулар Миннесотадағы иммигранттарға қарсы шараларды қатайтып жатқан Трамп әкімшілігі мен штат және қала басшылары арасындағы онсыз да шиеленіскен текетіресті ушықтыра түсті. Губернатор халықты сабыр сақтауға шақырды, ал мектептер сақтық шарасы ретінде сабақтар мен басқа да іс-шараларды тоқтатты.

Наразылық шаралары бірте-бірте аза тұту рәсімдеріне ұласты. Сәрсенбіде мыңдаған Миннеаполис тұрғыны атыс болған жерге жиналып, алдымен полицияға наразылық білдірсе, кейін Гудты еске алды. Жиналғандар қолдарына плакаттар ұстап, ысқырықтармен белгі беріп, «ICE Миннесотадан кетсін» деп ұрандатты. Наразылық шаралары АҚШ-тың басқа да қалаларында, атап айтқанда Жаңа Орлеан, Майами, Сиэтл және Нью-Йоркте де өтті.

Былтыр күзде Ақ үй маңында атыс болып, екі сарбаз жараланды. 2025 жылы босқын мәртебесін алған, 29 жастағы ауған азаматы Рахманулла Лаканвал күдікті ретінде ұсталды.

Сондай-ақ оқыңыз