Астанада 61 құрылыс компаниясы жауапқа тартылды

2025 жылдың басынан бері салынып жатқан тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлерді заңсыз сатудың көптеген фактісі анықталған. Заң бұзғаны үшін 61 құрылыс компаниясы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 49 млн теңгені құрады. Бұл жайлы Бас прокуратура мәлімдеді.
Прокуратура әкімшілік шара қолданумен қатар, үлескерлердің қаражатын заңсыз тарту бойынша алаяқтық схемаларды ұйымдастырғаны үшін қылмыстық тергеу бастаған.
«Тергеу қорытындысы бойынша 5 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, мүлік тәркіленді. Сот 900-ден астам үлескердің мүддесі үшін берілген прокуратураның 10 талап-арызын қанағаттандырды. Сот шешімдері бойынша олардың пайдасына 11 млрд теңгеден астам қаражат өндірілді, сондай-ақ 4 жер учаскесі қайтарылды», – делінген хабарламада.
Прокуратура азаматтарды құрылыс сатысында тұрған тұрғын үйді сатып алу кезінде сақ болуға шақырады. Заңға сәйкес алдын ала келісімшарттар, соның ішінде брондау, инвестициялау және алдын ала сатып алу-сату шарттары арқылы пәтер сату тыйым салынған. Үлестік құрылыс аясындағы мәмілелер тек қолма-қол ақшасыз түрде жүзеге асырылуға тиіс.
Айта кетейік, бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылыс кодексіне қол қойды.