Атыраулық «хакерді» полиция іздестіріп жатыр

Атырау облысының полиция департаменті әлеуметтік желілерде өзін «хакермін» деп таныстырған адамды іздестіріп жатыр. Оған қатысты қылмыстық із қозғалған деп хабарлады құзырлы органдар.
Ведомство мәліметінше, «хакердің» SIM-карталарды талдауы, геолокация және қаржы операциялары туралы ақпараты шындыққа жанаспайды.
«Бұл мәліметтердің барлығын әлеуметтік желілерде жарияланымдар пайда болғанға дейін-ақ заңды жедел-іздестіру іс-шаралары барысында құқық қорғау органдары анықтады және ресми бағыттау ретінде рәсімделді», – деп хабарлады полициядағылар.
Департамент атап өткендей, «хакер» өз бетінше техникалық талдау жүргізбеген, жаңа мәлімет таппаған. Тек ресми тергеу материалдарымен сәйкес келетін ақпаратты қатар жариялап отырған.
«Аталған тұлғаға қатысты бұған дейін алаяқтық деректері бойынша төрт қылмыстық іс тіркелген. Қазіргі уақытта олар бойынша тергеу амалдары жалғасуда және ол адамға іздеу жарияланды», – деп хабарлады полиция.
Бірақ «хакердің» өзі өз жарияланымдарында мемлекеттік жүйелерді бұзбағанын, тек ашық дереккөздерді, провайдерлердің мәліметтерін және техникалық талдауды пайдаланғанын айтып отыр.
Күдіктілер шетелге кетіп қалуы мүмкін
Атырауда бір отбасы жоғалған сәттен бастап «хакер» де өз тарапынан деректер жариялап отырған. Ол 5 қарашадан бастап оқиға хронологиясына талдау жасадым және 14 қарашадан бастап отбасы отағасының телефоны жүйелі түрде қосылуын қойған деп сендіреді.
«Хакердің» нұсқасы бойынша, қараша айында ықтимал күдікті шамамен екі апта мерзімге Түркияға шыққан, онда жоғалған отбасы мүшелерінің бірінің банк картасы қолданылған-мыс. Содан кейін, хакер айтқандай, ер адам Ақтауға оралып, Қазақстан аумағында орын ауыстырып жүрген.
Оның сөзіне қарағанда, күдікті мен оның әйелінің SIM-карталарының белсенділігі 9 желтоқсанда Шымкент вокзалында тіркелген. Осыдан кейін олар Өзбекстан аумағына өтуі мүмкін.
Еске салайық, Жаңа жыл қарсаңында Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында бір отбасы хабар-ошарсыз кеткен.. Он шақты күннен кейін ерлі-зайыпты Максот Қарабалин мен Насип Өтешқалиеваның мәйіті үй аумағынан табылды.