
Баланы спортқа беру – болашаққа салынған инвестиция. Ал қысқы спорт түрлері қымбат салалардың бірі саналады. Kursiv.Media Алматыдағы тау шаңғысы, хоккей және мәнерлеп сырғанау секцияларының бағасына талдау жасады.
Сноуборд
Қай жастан бастап берген дұрыс? Сноуборд – арнайы тақтаның көмегімен таудан сырғанайтын қысқы олимпиадалық спорт түрі. Мамандар баланы бұл спортқа 7–9 жастан қатыстыруға кеңес береді, сол уақытта баланың вестибулярлық аппараты мен аяқ бұлшықеттері нығаяды. Бірақ Алматыда 4–5 жастан бастап үйрететін жаттықтырушылар да бар.
Бағасы: Сноубордты «Шымбұлақ» тау-шаңғысы мектебінде, «Ой-қарағай» курортында үйренуге болады. Жекеменшік мектептер де бар.
«Шымбұлақта» балаларға арналған бір сабақ 15000 теңгеден басталады, ұзақтығы – 45 минут. 3-5 жасар балаларды қабылдайды. 6-10 жастағы балаларды топтық сабаққа жазуға болады, екі сағаты – 30 мың теңге. Егер жаттықтырушыны толық бір күнге жалдағыңыз келсе, 85 000 теңге төлеу керек. Барлық бағаларды мектеп сайтынан көре аласыз.
SkiFit мектебінде баға осы шамалас. Бірінші сынақ сабағы 10 мың теңгеден басталады. Ал бір сағаттық сабақ үшін 28000 теңге сұрайды. Жарты сағаттан 5 сабақ алсаңыз, жалпы 70 мың теңге төлейсіз.
Спорттық киім жабдығы: Сноубордпен айналысу үшін балаға су өткізбейтін, жылу сақтайтын костюм, басты қорғайтын дулыға, тізе мен шынтақты қорғайтын қаптағыш, сапалы бәтіңке қажет. Интернет дүкендерде сапалы курткалар 30 мың теңгеден, ал шалбарлар 20 мың теңгеден басталады. Белгілі брендтің спорт костюмдері 150 мың теңгеге дейін барады.
Басқа киетін дулығалардың бағасы да әртүрлі. Балаларға арналған Termit Basiс бас киімі 26 мың теңгеден, Glissade фирмасының өнімі 37 мың теңге. Ал балаларға арналған сноуборд тақталарының ең арзаны 60 мың теңгеден басталады. Әлбетте, жабдықтың бәрін жалға алуға да болады. Бір тәулікке балаларға арналған керек-жарақтарды 7-10 мың теңгеге ала аласыз.
Хоккей
Қай жастан бастап берген дұрыс? Хоккей – балалар арасындағы ең танымал спорт түрі. Дәрігерлер баланы бұл спортқа берудің ең қолайлы уақыты 4 пен 6 жас аралығы деп есептейді. Бірақ алғашқы жылы бала хоккей емес, негізінен конькиге дұрыс тұруды және сырғанауды үйренеді.
Бағасы: Алматыда хоккей секцияларына қатысатындар негізінен «Халық Арена» мен Hockey World мұз айдынында жаттығады. Балалар хоккейі Астанада өте жақсы дамыған. «Барыс» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, «Алау» мұз айдынында және №10 Олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде арнайы үйірмелер бар.
Алматыдағы «Динамо» хоккей клубы жаттықтырушысының сөзінше, алғашқы айда балалар бірден конькиге тұрмайды. Жеңіл атлетика, баланс сақтауды үйренеді. Құны бір айға 30 мың теңге, аптасына үш сабақ болады. Ал мұз алаңына шығып, хоккеймен айналыса бастағанда, баға 50 мың теңгеге дейін өседі. Кей мектептерде баға бұдан да қымбат болуы мүмкін.
Спорттық киім жабдығы: Шыны керек, хоккей өте қымбат спорт түрі саналады. Бір ғана дулығасының өзі 30-50 мың теңгеден басталады. Сапалы қолғаптар 55 мың теңге, таяғы 35 мың теңге, жақсы коньки 30-50 мың теңге аралығында тұрады. Спорттық киімдерін тағы қосыңыз. Сонда маусым басында балаңыздың жабдығына 300 мың теңгеге дейін қаражат жұмсайсыз. Тым қымбат болса, кей мектепте хоккей формасын жалға беретінін де ескеріңіз.

Мәнерлеп сырғанау
Қай жастан бастап берген дұрыс? Мәнерлеп сырғанау – ең әдемі спорт түрінің бірі. Мамандары баланы осы спортқа берудің ең қолайлы уақыты 3,5 пен 5 жас аралығы деп есептейді. Бұл – баланың денесі өте икемді, буындары жұмсақ кез. Алғашқы 1-2 жылда бала секіруді немесе айналуды емес, мұз үстінде қорықпай жүруді, дұрыс құлауды және тепе-теңдік сақтауды үйренеді.
Бағасы: Алматыда мәнерлеп сырғанау секциялары Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында, «Алматы арена» және «Халық аренада» шоғырланған. Әдетте, бірінші сынақ сабағы 10 мың теңге. Бір айға бағасы 50 мың теңгеден басталады (айына 8 сабақ). Кей мектепте 60 мың теңге, аптасына үш рет сабақ болады.
Алматы мен Астанада Элизабета Тұрсынбаеваның академиясы да жұмыс істейді. Ол жерде баға қымбаттау, 50 000 – 90 000 теңге аралығында. Астанадағы филиалында аптасына екі реттен қатысу айына 50 мың, ал үш реттен қатысу айына 75 мың болады. Бір сағат мұзда сырғанау және бір сағат арнайы, жалпы физикалық дайындық жаттығулары өтеді.
Спорттық киім-жабдығы: Мәнерлеп сырғанауда ең бастысы – сапалы коньки. Балаларға арналған конькилер спорт дүкендерінде 20 мың теңгеден басталады. Ал күнделікті дайындыққа арналған термо-костюм орташа есеппен 35 000 – 60 000 теңге тұрады.
Балаңыз жақсы үйреніп, турнирлерге қатыса бастағанда, алаңға шығатын арнайы киімдер керек. Міне, оған біраз шығындаласыз. Костюмдер өте қатты созылатын, бірақ пішінін жоғалтпайтын арнайы бифлекс, сетка және ликра маталарынан тігіледі. Дүкендердегі дайын көйлектер 45 000 теңгеден басталып, 150 000 теңгеге дейін барады. Жеке тапсырыспен тіктіру одан да қымбатқа түсуі мүмкін.
Тау шаңғысы
Қай жастан бастап берген дұрыс? Тау шаңғысы баланың тепе-теңдігі мен вестибулярлық аппаратын жақсы дамытады. Мамандар баланы шаңғыға 3 жастан бастап баули беруге болатынын айтады. Бұл жаста бала қарда сырғанауды үйреніп, таудан қорықпауға дағдыланады. Ал кәсіби спорттық топтарға көбіне 6 жастан бастап қабылдайды.
Бағасы: Алматыда негізгі секциялар «Шымбұлақ», «Ой-Қарағай» және «Ақ Бұлақ» курорттарында орналасқан.
Шымбұлақта 3–5 жастағы балаларға арналған 45 минуттық алғашқы сабақ – 15 000 теңге. 6-10 жастағы балалар үшін 1 сағаттық жеке жаттығу – 18 000 теңгеден басталады. Ой–Қарағайда балалар клубында топтық сабақтар (3 сағаттық пакет) шамамен 20 000 – 25 000 теңге тұрады.
Қаладағы тау шаңғысы мектептерінде (мысалы, SkiFit немесе таудағы тұрақты топтар) айлық абонемент бағасы жаттығу санына қарай 60 000 – 100 000 теңге аралығында құбылып тұрады. Бұған қоса тауға шығу (Ski-pass) ақысы бөлек төленуі мүмкін.
Спорттық киім-жабдығы: Тау шаңғысында ең бастысы – дұрыс таңдалған шаңғы, бәтеңке және дулыға. Балаларға арналған шаңғы жиынтығы (шаңғы + бекіткіш) дүкендерде 45 000 теңгеден, ал сапалы бәтеңкелер 35 000 теңгеден басталады. Күнделікті сырғанауға арналған костюмдер – 40 000 – 80 000 теңге. Дулыға мен маска міндетті түрде қажет, олардың жиынтығы орташа есеппен 25 000 – 45 000 теңге тұрады.
Балаңыз кәсіби деңгейге өткенде, жылдамдыққа арналған аэродинамикалық комбинезондар мен қымбат брендтік шаңғылар керек болады. Олар тым қымбат болса, жалға алған да дұрыс. Алматыдағы курорттарда балалар жабдықтарын бір күнге жалдау орташа есеппен 7 000 – 12 000 теңге.
Осыған дейін Шымбұлақ, Ой-Қарағай сияқты қысқы курорттағы бағаларды Түркия мен Қырғызстандағы курорттармен салыстырып көрген едік. Материалды мына жерден оқи аласыздар.