Бір палаталы парламенттің атауы өзгере ме: Жұмыс тобының төртінші отырысы өтті
Астанада мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының төртінші отырысы өтті, деп хабарлайды Ақорда.
Бұл жолғы отырыстың негізгі тақырыбы жаңа бір палаталы Парламенттің атауы және басқа билік институттарымен қарым-қатынасы туралы болды.
«Жұмыс тобы жетекшісінің орынбасары – Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев болашақ Парламенттің мемлекеттік биліктің басқа да институттарымен өзара іс-қимылы кезіндегі өкілеттіктеріне қатысты жалпы тәсілдер туралы айтты», – делінген хабарламада.
Әзірге жаңа Парламенттің атауы қандай болатыны белгісіз. Ақорда ақпаратына сүйенсек, жиын қорытындысы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Ерлан Қарин келіп түскен ұсыныстардың барлығын жинақтап, жан-жақты талдауды тапсырған.
Айта кетейік, жұмыс тобы 2025 жылы қазанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен құрылған. Алғашқы отырыста Тоқаев азаматтардың парламенттік жүйені жетілдіруге қатысты ұсынысын жинақтау мақсатында e-Otinish платформасы мен eGov сервисінде «Парламенттік реформа» арнайы бөлімін ашуды тапсырған. Бүгінге дейін e-Otinish және eGov платформаларындағы «Парламенттік реформа» арнайы бөлімі арқылы Жұмыс тобына халық арасынан, сарапшылар қауымдастығынан және қоғамдық бірлестіктерден 500-ден астам ұсыныс келіп түскен.