
Әлем чемпионы әрі Токио Олимпиадасының қатысушысы Бекзат Нұрдәулетов спорттық мансабын аяқтап, Маңғыстау облысының бокс бойынша мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебін басқаруға кірісті. Бұл туралы Lada.kz жазды.
Спортшы бұл шешімін әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жариялап, жаңа қызметтегі басты мақсаты жастарға мүмкіндік ашу және өңірде боксты дамыту екенін атап өтті.
«Бұл қызметке атақ үшін емес, жас спортшыларға жол ашу және бокстың дамуына үлес қосу үшін келдім. Алдымда нақты мақсаттар тұр, жұмыс енді басталды», – деп жазды Нұрдаулетов.
Айта кетейік, бұған дейін аталған мектепті Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов басқарған.
Бекзат Нұрдәулетов – IBA нұсқасы бойынша 2019 жылғы әлем чемпионы. Жастар арасындағы әлем біріншілігінің қола жүлдегері, 2024 жылғы Азия чемпионы және 2025 жылы Астанада өткен World Boxing әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы. Ол Қазақстан құрамасы сапында Токио Олимпиадасында өнер көрсеткен.
Сонымен қатар 2025 жылы Ливерпульде өткен World Boxing әлем чемпионатына және Дубайда ұйымдастырылған IBA ерлер арасындағы әлем біріншілігіне қатысқан.
Өз сұхбатында Бекзат Нұрдәулетов мектепте үздік оқығанын, домбыра үйренуге талпынғанын және көшбасшы болуды армандағанын айтқан.