Экс-қызметкердің мәлімдемесінен кейін прокуратура FlyArystan-ды тексереді

Экс-қызметкерінің даулы мәлімдемесінен кейін прокуратура «Эйр Астана» АҚ мен «Fly Arystan» АҚ компаниясын тексермекші. Бұл жайлы Бас көлік прокуратурасы хабарлады деп жазады Қазақпарат.
«Әлеуметтік желілерде «Эйр Астана» АҚ мен «Fly Arystan» АҚ-да ақшалай қаражатты жымқыру және заңдастыру фактілері бойынша қозғалған қылмыстық іс туралы ақпарат жарияланды. Жарияланымда, атап айтқанда, авиакомпания басшылығының нұсқауымен топ-менеджерлердің туыстары мен өзге де тұлғалардың мүддесі үшін жеңілдікпен авиабилеттерді сату туралы мәліметтер келтірілген. Баяндалған дәлелдерді тексеру мақсатында Бас көлік прокуратурасы Азаматтық авиация комитетіне «Эйр Астана» АҚ мен «Fly Arystan» АҚ қызметіне тексеру жүргізу туралы талап жолдады», – деп жауап берді ведомстводан.
Еске салайық, қазір сотта FlyArystan лоукостеріндегі ұрлыққа қатысты іс қаралып жатыр. Істегі үш сотталушының бірі Ренат Абулханов Air Astana әуе компаниясын айыптап отыр. Оның сөзінше, компания басшылығының нұсқауымен топ-менеджмент үшін билет бағасын төмендетіп отырған. Толығырақ мына жерден оқи аласыз.