Instagram арқылы халықтан 1,4 млрд теңге жинаған ерлі-зайыпты сотталды

Астана сотында ұлының еміне деп халықтан 1,45 млрд теңге жинаған ерлі-зайыпты Дәулет пен Толқын Тотақановтарға сот үкімі шықты.
Толқын Тотақанова түпкілікті 7 жылға сотталды. Алайда кішкентай баласының болуына байланысты жазасын екі жылдан кейін өтейді.
«Толқын Тотақанова қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылсын.
Қылмыстық кодекстің 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленсін.
Қылмыстық кодекстің 58-бабы 3-бөлігіне сәйкес жазаны ішінара қосу арқылы түпкілікті жаза ретінде 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру, қайырымдылыққа қаражат жинауға байланысты қызметпен 10 жыл мерзімге айналысу құқығынан айырылып, мүлкі тәркіленсін», – деді судья Тобағалиұлы.
Дәулет Тотақанов 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ол да қайырымдылық қызметпен, атап айтқанда қаражат жинаумен айналысу құқығынан 10 жылға айырылды.
Бұған дейін ерлі-зайыпты үйқамақта болған. Дәулет Тотақанов сот залынан қамауға алынды.
Үкім шығарған судья Қанат Тобағалиұлы сотталушылардың кінәсі толық дәлелденгенін айтты.
Тотақановтар сот барысында өздерін фото-видеоға түсіруге қарсы болды. Алайда сот үкімінен кейін Толқын Тотақанова үкімге келіспейтінін, шағым түсіретінін айтты.
«Кінәміз жоқ екенін дәлелдедік. Бізде миллиард ақша жоқ. 30 миллион теңге қарыз алып, 700 миллион теңге қылып қайтардық. Бес жыл бойы үстіндегі пайызын төлеп келдік. Олардың үстінен шағымдандық, ол істе біз жәбірленушіміз», – дейді Толқын Тотақанова.
Сот отырысынан кейін сотталғандардың туыстары шу шығарды. Олар сот отырысынан ақпарат таратуға келген БАҚ өкілдерін қарғап, жұмыс істеуіне кедергі келтірді.
Соттағы соңғы сөзінде Толқын Тотақанова күйеуі екеуін ақтауды немесе жәбірленушілерге келген шығын көлемінде айыппұл салуды сұрады.
«Ерекше балалар тек ата-анасына ғана қажет. Біз қамқорлық жасамасақ, үнемі емдетіп отырмасақ, баламның жағдайы нашарлайды.
Күйеуім бұл туралы білмеді. Оның Instagram парақшасы жоқ, картасына ақша түспеген, еш жерде оның есепшотын көрсеткен емеспіз», – деді әйел соттағы соңғы сөзінде.
Тергеу дерегінше, 2020-2024 жылдары Тотақановтар Instagram желісінде ұлына қойылған диагноз туралы айтып, баланың еміне ақша жинаған. Әлеуметтік желіде эмоцияға толы видео жариялап, әрі қарай таратып отырған. Нәтижесінде ерлі-зайыпты 1,3 млрд теңге жинаған, алайда баланың еміне небәрі 6,4-6,5 млн теңге жұмсаған.
Қалған ақша Астанадан үш пәтер, жер телімін, бес автокөлік сатып алуға, бренд киім-кешекке, шетелге шығуға және букмекерлік кеңселердегі ставкаларға жұмсалған. Қаражаттың бір бөлігі (481 млн теңгеден астамы) әлеуметтік желідегі парақшаны ілгерілетуге бағытталған.