
Былтыр әлеуметтік желілер арқылы заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырған 121 адам әкімшілік жауапқа тартылды. Олардың қатарында танымал блогерлер мен медиа тұлғалар да бар.
Министрліктің ресми сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, Instagram және басқа да платформаларда лотерея өткізген аккаунттардың арасында әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы жұбайы Мөлдір Мұқан, «Супермамасита» лақап атымен танымал Әлия Байтуғаева, Justking31 атымен белгілі Нұрбек Нұртаза, блогер Дархан Жолшыбеков, «Жайдарман» ойындарындағы «Миллион» командасының мүшелері Ерболат пен Мансар, сондай-ақ Сабина Мовлаева және тағы басқалары бар. Толық тізімді Туризм және спорт министрлігінің сайтынан қарауға болады.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, аталған тұлғалар лотерея операторы мәртебесінсіз ұтыс ойындарын ұйымдастырған.
Еске салайық, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 445-1-бабының 6 және 7-бөліктеріне сәйкес, лотерея операторы болып саналмайтын адамның ұтыс ойынын өткізуі заңмен тыйым салынған. Бұл үшін жеке тұлғаларға 100 АЕК, ал шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 300 АЕК көлемінде айыппұл көзделген.
Егер мұндай құқықбұзушылық бір жыл ішінде қайта тіркелсе, жеке тұлғалар 200 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілері 750 АЕК айыппұл төлейді. Сонымен қатар, заңсыз лотереядан түскен табыс толық көлемде тәркіленеді.