Жаңалықтар

2025 жылы жаңа үйлердегі пәтер бағасы 15%-ға қымбаттаған

2025 жылы тұрғын бағасы қаншалықты қымбаттады/ Фото: Офелия Жакаева

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы жаңа салынған тұрғын үйдегі пәтер бағасы ел бойынша орта есеппен 15,7%-ға өсті. Бұл үрдіс, әсіресе, ірі қалаларда айқын сезілді.

Елордада жаңа пәтерлер бір жылда 17,4%-ға, ал Алматыда 19,8%-ға қымбаттады. Алайда баға мегаполистерде ғана емес, өңірлерде де өскен: Павлодар мен Қонаевта жаңа тұрғын үй бағасы бірден 22,9%-ға көтерілді. Бұл өңірдегі нарық та қызып келе жатқанын аңғартады.

Қайталама нарықтағы пәтерлер де қымбаттай түсті. Республика бойынша орташа өсім 14,6%-ды құрады. Алматы бұл сегментте де алда: екінші нарықтағы тұрғын үй бағасы мұнда бір жылда 25,4% көтерілді. Бұл – елдегі ең жоғары көрсеткіш. Ал Астанада қайталама нарықтағы өсім салыстырмалы түрде баяулап, 10,9% деңгейінде қалыптасты.

Жыл соңындағы нақты бағалар нарықтағы айырмашылықты айқын көрсетеді. 2025 жылғы желтоқсанда Қазақстан бойынша жаңа тұрғын үйдің орташа құны 571,2 мың теңге, ал қайталама нарықтағы пәтерлердің бағасы 594,7 мың теңге болды. Яғни, көптеген өңірде ескі үйлердің өзі жаңа пәтерлерден қымбат сатылып жатыр.

Алматы мен Астанада бұл алшақтық одан сайын ұлғайған. Алматыда жаңа пәтердің бір шаршы метрі 690,7 мың теңгеге, ал қайталама нарықта 738,3 мың теңгеге жеткен.

Астанада да жағдай осыған ұқсас: тиісінше 671,2 мың және 720,4 мың теңге. Өңірлерде баға әлдеқайда төмен болғанымен, айырмашылық сақталып отыр. Мысалы, Оралда жаңа тұрғын үйдің орташа бағасы 299,2 мың теңге, ал Актөбеде 327,5 мың теңге деңгейінде.

Тұрғын үй нарығындағы қысым жалға беру сегментінде де сезілді. Ел бойынша жалға алу бір шаршы метр үшін 5 024 теңге болды. Алматыда жалға алу құны 5 965 теңгеге, Астанада 5 551 теңгеге жеткен. Ал ең төмен көрсеткіштер Тараз бен Түркістанда тіркелді: тиісінше 2 401 және 2 743 теңге.

2025 жылдың нәтижесі бір жайтты анық көрсетті: тұрғын үй нарығы әлі де сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігін таба алмай отыр. Ал 2026 жыл бұл теңсіздік тереңдей ме, әлде бәсеңдей ме, соны айқындайтын кезең болмақ.

Бұға дейін 2026 жылы қандай мемлекеттік бағдарламамен үй алуға болатынын жазғанбыз.