Жаңалықтар

Зейнетақы қорынан төленетін төлемдерге жеке табыс салығы салынбайды

БЖЗҚ-дан төленетін төлемдерге жеке табыс салығы салынбайды / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зипреов

2026 жылдың 1 қаңтарынан Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан толық босатылды. Жаңа Салық кодексіне сәйкес, бұл өзгеріс ай сайынғы зейнетақы төлемдеріне де, тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделу үшін алынатын біржолғы зейнетақы төлемдеріне де қатысты.

Аталған норма тек Қазақстан Республикасының резиденттеріне қатысты, ал бейрезиденттерге төленетін зейнетақыдан бұрынғыдай жеке табыс салығы ұсталады.

Бұған дейін БЖЗҚ-дан төленетін бүкіл зейнетақы төлемдері табыс ретінде қарастырылып, олардан 10 пайыз мөлшерінде жеке табыс салығы ұсталып келген. Тұрғын үй немесе емделу мақсаттарына алынған біржолғы зейнетақы төлемдерінен де салық төлеу міндеті болған, ал азаматтар салықты бірден төлеу немесе оны зейнетке шыққанға дейін кейінге қалдыруды өздері таңдай алатын.

2026 жылдан бастап бұл тәртіп өзгерді және резидент азаматтар зейнетақы төлемдерінің ешбір түрінен жеке табыс салығын төлемейді. Сонымен қатар, біржолғы зейнетақы төлемдері бойынша бұрын кейінге қалдырылған салық міндеттемелері жойылды, алайда бұрын бюджетке төленген салық сомасы қайтарылмайды.

Әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар бұған дейін біржолғы зейнетақы төлемінен жеке табыс салығын төлеген жағдайда, оны қайта есептетіп, қайтарып алу құқығына ие. Ол үшін БЖЗҚ-ға өтініш беріп, растайтын құжаттарды ұсыну қажет, ал бұл мүмкіндік төлем алынған күннен бастап үш жыл ішінде сақталады.

Сондай-ақ 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтың өзі өз пайдасына аударған ерікті зейнетақы жарналары бойынша салық шегерімдер жойылды. Ал жұмыс беруші қызметкерінің пайдасына аударған ерікті зейнетақы жарнасы қызметкердің табысы болып саналмайды және оған жеке табыс салығы салынбайды.