Қазақстандықтар 2021 жылдан бері зейнетақыдан қанша қаражат алды

Соңғы бірнеше жылда қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарына деген көзқарасы түбегейлі өзгерді. Бұрын «қартайғанда ғана тиесілі» деп саналатын қаражат бүгінде тұрғын үй мәселесін шешудің, қымбат емге қол жеткізудің нақты құралына айналды. Біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану мүмкіндігі халықтың қаржылық мінез-құлқына ғана емес, құрылыс нарығына, медициналық қызметтер сегментіне және өңірлік экономикаларға да елеулі әсер етті.
2021 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтарға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) жинақтарының шекті жеткіліктілік мөлшерінен асатын бөлігін пайдалануға рұқсат берілді. Тап осы 5 жыл ішінде қазақстандықтар қанша қаражат шешіп алды?
2025 жылдың қорытындысы бұл үрдістің әлі де жоғары қарқынмен жалғасып жатқанын көрсетті. Ресми деректерге сәйкес, БЖЗҚ арқылы азаматтар жалпы 5,5 трлн теңгеден астам қаражатты мерзімінен бұрын пайдаланып үлгерген. Оның басым бөлігі – тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталса, едәуір үлесі емделуге жұмсалған.
Инфографика 01: 2021-2025 жылдар аралығындағы «Біржолғы зейнетақы төлемдері»
БЖЗҚ-дан соңғы 5 жылда қанша қаржы шешілді?
2026 жылдың 1 қаңтарындағы деректерге сүйенсек, қазақстандықтар БЖЗҚ-дан жалпы 5 543 278 теңге көлемінде біржолғы зейнетақы төлемдерін алған. Бұл сома екі негізгі бағытқа бөлінеді:
- Тұрғын үй жағдайын жақсартуға – 4 558 649 млн теңге
- Емделуге – 984 629 млн теңге
Яғни алынған қаражаттың шамамен 82%-ы тұрғын үйге, ал 18%-ы медициналық қызметтерге жұмсалған. Бұл халық үшін баспана мәселесінің әлі де бірінші орында тұрғанын айқын көрсетеді.
Экономистердің пікірінше, бұл қаржы «өлі капитал» емес. Ол тікелей құрылыс компанияларына, банктерге, медициналық ұйымдарға барып, ішкі сұранысты қолдаған.
Жаңа заң алдындағы қарбалас: 2026 жыл неге маңызды?
2025 жылдың екінші жартысынан бастап зейнетақы жинақтарына қатысты қоғамдық талқылаулар күрт күшейді. Бұған басты себеп – 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап шекті жеткіліктілік мөлшердің (ШЖМ) өсуі.
Бұған дейін зейнетақы жинақтарының артық бөлігін стоматологияға, офтальмологияға және пластикалық операцияларға пайдалануға тыйым салынған болатын. Қаржылық мониторинг агенттігі дерегінше, қазақстандықтар БЖЗҚ-дан 200 млрд теңгені тісін жалған емдеу схемалары арқылы шығарып алған.
Ал Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы зейнетақы қорынан қаражат алудың ұлғаюы тұрғын үй бағасының жедел өсуін жеделдетіп отыр деп есептейді.
Осы өзгерістерді алдын ала сезген қазақстандықтар 2025 жылы БЖЗҚ-ға жаппай өтініш беруге көшті. Сарапшылар мұны «заң алдындағы қарбалас» деп сипаттайды. Нәтижесінде бір жылдың ішінде алынған қаражат көлемі рекордтық деңгейге жетті.
Инфографика 02: Біржолғы зейнетақы төлемдері: тұрғын үйді жақсарту
Тұрғын үйді жақсарту: өңірлер арасындағы үлкен айырмашылық
Тұрғын үйге бағытталған зейнетақы қаражаты өңірлер бойынша біркелкі бөлінбеген. Ең ірі көлем мегаполистер мен экономикалық белсенді аймақтарға тиесілі.
Көшбасшы өңірлер:
- Алматы қаласы – 1 249 685 млн теңге
- Астана қаласы – 808 503 млн теңге
- Маңғыстау облысы – 630 120 млн теңге
- Атырау облысы – 360 988 млн теңге
- Қарағанды облысы – 292 075 млн теңге
Бұл өңірлерде халықтың табысы салыстырмалы түрде жоғары, зейнетақы жарналары да көп жиналған. Сонымен қатар тұрғын үй бағасының қымбаттығы да алынатын қаражат көлеміне әсер еткен.
Тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған зейнетақы қаражаты мақсаты мен сомасы бойынша айқын бөлінді:
- Пәтер мен үйді тікелей сатып алу – бұл бағыт бірінші орында болды. Қазақстандықтар тұрғын үйді азаматтық-құқықтық мәмілелер арқылы сатып алу үшін 2,46 трлн теңге жұмсады. Дәл осы сегмент зейнетақы ақшасының жылжымайтын мүлік нарығына ең тікелей әрі жылдам әсер еткен арнасына айналды.
- Ипотекалық қарызды ішінара өтеу – азаматтар банктер алдындағы борышты азайту үшін 430,9 млрд теңгені пайдаланды. Бұл көптеген отбасылар үшін ай сайынғы төлемді төмендетіп, қаржылық жағдайын дұрыстап алуға мүмкіндік берді.
- Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша ипотеканы ішінара өтеу – осы бағытқа 363,1 млрд теңге бағытталды. Қаражат жинақ банктері арқылы ипотекалық жүктемені жеңілдетуге жұмыс істеді.
- Болашақта үй алу үшін жинақтау – қазақстандықтар тұрғын үй құрылыс жинақтарына салымды толықтыруға 693,7 млрд теңге салды. Бұл ірі сатып алудан гөрі, ұзақ мерзімді жоспарды таңдағандардың үлесі жоғары екенін көрсетеді.
- Ипотекалық қарыз алу үшін бастапқы жарна – жаңа ипотека рәсімдеу мақсатында 159,6 млрд теңге жұмсалды. Бұл сома мыңдаған отбасы үшін баспана алуға алғашқы қадам болды.
- Ипотеканы толық өтеу – салыстырмалы түрде аз үлес болса да, азаматтар 44,9 млрд теңгеге ипотекалық қарыздарын толығымен жапты.
- Жеке тұрғын үй салу – жер телімін сатып алуды қоса алғанда, жеке үй салуға 19,6 млрд теңге бағытталды. Бұл қала сыртындағы және жеке сектордағы құрылысқа серпін берді.
Қорыта айтқанда, зейнетақы жинақтарынан алынған 4,56 трлн теңге тұрғын үй нарығында сатып алу, қарызды азайту және болашаққа жинақтау сияқты үш негізгі бағытқа бөлініп, жылжымайтын мүлік сегментіндегі сұранысты бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткізді.
Инфографика 03: Біржолғы зейнетақы төлемдері: емделуге
Емделу: зейнетақы медицинаға қалай көмектесті?
Емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері көлемі жағынан тұрғын үйден әлдеқайда аз болғанымен, әлеуметтік маңызы өте жоғары. Емделуге бағытталған қаражаттың 94,67%-ы стоматологиялық қызметтерге жұмсалған. Ал офтальмологиялық қызметтердің үлесі небәрі 3,33%-ды құраған.
2021-2025 жылдары емделуге жұмсалған қаражат:
- Жалпы республика бойынша – 984 627 млн теңге
Ең көп қаржы алынған өңірлер:
- Алматы қаласы – 195 991 млн теңге
- Астана қаласы – 121 946 млн теңге
- Атырау облысы – 125 823 млн теңге
- Маңғыстау облысы – 111 572 млн теңге
- Қарағанды облысы – 68 352 млн теңге
Бұл көрсеткіштер күрделі операциялар, стоматологиялық қызметтер, шетелде емделу және жоғары технологиялық медициналық көмектің қымбат екенін көрсетеді.
4,6 трлн теңгенің экономикаға әсері қандай?
Біріншіден, ішкі сұраныс күрт артты.
БЖЗҚ-дан тұрғын үйге бағытталған 4,56 трлн теңге экономиканың нақты секторына құйылды. Бұл – құрылыс компаниялары, жылжымайтын мүлік сатушылары, банктер мен қызмет көрсетушілер үшін «тірі ақша». Нәтижесінде тұрғын үйге деген сұраныс өсті, мәмілелер саны артты, құрылыс көлемі ұлғайды.
Екіншіден, тұрғын үй бағасына қысым күшейді.
Зейнетақы қаражаты – сұранысты бір сәтте ұлғайтқан фактор. Ұсыныс қысқа мерзімде тез арта алмағандықтан, бұл қаражат әсіресе Алматы мен Астанада бағаның жедел өсуіне алып келді. Сарапшылардың пікірінше, баға өсімінің бір бөлігі дәл осы біржолғы төлемдермен байланысты.
Үшіншіден, банк секторының тұрақтылығы артты.
Ипотекалық қарыздарды өтеуге бағытталған жүздеген миллиард теңге банктердің несие портфелін «тазартты». Қарыз жүктемесі азайған сайын, дефолт тәуекелі төмендеп, банк жүйесінің қаржылық тұрақтылығы күшейді.
Төртіншіден, экономикалық мультипликатор іске қосылды.
Құрылыс – ең жоғары мультипликативті әсері бар салалардың бірі. Әрбір тұрғын үй мәмілесі цемент, металл, логистика, жиһаз, жөндеу, қызмет көрсету сияқты ондаған салаға сұраныс тудырды. Яғни зейнетақыдан алынған бір теңге экономикада бірнеше рет айналып шықты.
Бесіншіден, әлеуметтік қысым уақытша азайды.
Көптеген отбасы үшін бұл қаражат баспана мәселесін шешіп, әлеуметтік тұрақтылықты арттырды. Бұл – экономикалық көрсеткіштермен қатар, тұтынушылық сенім мен ішкі нарықтың психологиялық ахуалына да әсер ететін фактор.
Алайда ұзақ мерзімді тәуекелдер де бар.
Зейнетақы активтерінің қысқаруы болашақтағы инвестициялық табысты төмендетуі мүмкін. Сонымен қатар, бағаның жасанды өсуі қолжетімді тұрғын үй мәселесін қайта ушықтыру қаупін арттырады. Сондықтан 2026 жылдан бастап шекті жеткіліктілік мөлшерін көтеру – экономиканы «салқындатуға» бағытталған қадам ретінде қарастырылады.