
Қазақстанда кореялық дорамаларды көретін көрермен аз емес. Желіде сериалдарды талқылайтындар да жетеді. Kursiv.Media 2026 жылы Оңтүстік Кореядан шығатын ең тартымды әрі көрермен көп күтетін дорамалар легін оқырман назарына ұсынады.
«Баяу әрі қарқынды»

Әйгілі актриса Сон Хе Гё өзінің келесі жобасын – Netflix платформасына арналған «Баяу әрі қарқынды» сериалын ресми түрде растады. Дорама 1960–1980 жылдар аралығындағы Корея соғысынан кейін қарқынды дамыған шоу-бизнес әлемін бейнелейді. Бұл сериал қолында ештеңесі болмаса да, табысты болуды армандаған жандардың жүрген жолын көрсетеді.
«XXI ғасыр ханзадасының әйелі»

Оқиға монархия сақталған кездегі Оңтүстік Кореяда өрбиді. Сон Хи Джу (АйЮ) – ықпалды чебольдер әулетінің екінші қызы. Ол ақылды, сұлу әрі алғыр, алайда шыққан тегі оның жолындағы басты шектеуге айналады.
Ханзада Ли Ан (Пён У Сок) – корольдің екінші ұлы. Оның атағы бар, бірақ еркіндігі жоқ. Ол өз болмысын жасырып, тасада өмір сүреді. Бұл жағдай Сон Хи Джумен кездескенге дейін өзгермейді.
«Киллерлер дүкені – 2»

Соңғы шайқастан аман қалған Чи-ан үйі алдында тұрған таксиді көреді. Көліктен бұрын қаза тапты деп жүрген ағасы шығады. Чон Чин-ман тірі, алайда ауыр жараланған. Енді Чи-ан оның басынан не өткенін және не себепті өз өлімін қасақана ұйымдастырғанын анықтауы тиіс. Екеуі бірге жоғалып кеткен Бэйлды табуға кіріседі.
«Императрицаның екінші некесі»

Шығыс империясының императоры Совьешу Навьеге ажырасатынын мәлімдейді. Жауап ретінде ол Батыс корольдігінің ханзадасы Хейнримен тұрмыс құруға рұқсат сұрайды.
Оқиға гаремге түскен қашқын күң Раштының пайда болуымен күрделене түсіп, драмалық шиеленіспен өрбиді. Сериал Альфа Тарттың аттас веб-романы негізінде түсірілген.
«Адасу»

1935 жыл. Кёнсон. Суретші Юн И Хо қонақүй иесі Наммун Сон Джон Хваның портретін салу жөнінде жұмбақ тапсырыс алады. Әйел жұмыс аяқталғанға дейін суретшіге қонақүйден шығуға тыйым салады.
Уақыт өте келе Юн И Хо бір қорқынышты құпияны біледі. Бұған дейінгі суретшілер бұл жерден қиындық көрмей кетпеген. Ал ол салып жатқан портрет оған өлім қаупін де төндіруі мүмкін.
«Сені аңсаймын»

Жасөспірім шағында У Су Бин мен Чу И Чжэ режиссёр болуды армандаған. Бірақ 19 жасқа келгенде олардың жолы екіге айырылады. 30 жасында У Су Бин үлкен жетістікке жетеді. Оның дебюттік фильмі халықаралық фестивальдерде мойындалып, ол өз шынайы арманы – Чу И Чжэ үшін Кореяға оралады. Ал Чу И Чжэ кинодан бас тартып, репортёр болып жұмыс істейді. Дегенмен өткен өмірімен қайта қауышу оның ұмыт қалған армандарын еске салады.
«Сенің жарқын маусымыңда»

Қайғылы оқиғадан кейін дарынды аниматор Сон У Чан есту қабілеті мен жадынан айырылады. Ол мейірімді әрі мықты дизайнер Сон Ха Ранмен кездескеннен кейін өмірі түбегейлі өзгереді. Дизайнер бойжеткен жаңа өмірінде оның темірқазығына айналады.
Екеуінің арасында жалғыздықты, қорқынышты және бұрынғы естеліктерді жеңе алатын терең, нәзік махаббат туады.
«Кіріспе емтихан» немесе «Менің орныма емтихан тапсыр»
Серия саны: 14
Бұл – тұрмысы төмен оқушының ауыр таңдауын арқау еткен, шиеленіске толы триллер. Сол бір шешім оның өмірінде қауіпті әрі ауыр сынақтардың басталуына түрткі болады. Басты рөлдерді Пэ Хён Сон мен Чха Ган Юн сомдайды.
«Доктор Икс»

«Доктор Икс» – Fтауы бірдей жапон дорамасы негізінде түсірілген корей медициналық нуары.
Гу Се Джон жемқорлық жайлаған проблемалы университет ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады. Ол аурухана директоры Бу Сын Квонмен күш біріктіріп, жүйеге қарсы шығып, клиника мен оның қызметкерлерінің тағдырын өзгертеді.