
Шымкентте өткен жылы 8 мыңға жуық жолаушыға жол ақысын төлемегені үшін айыппұл салынған. Айыппұлдың жалпы көлемі 70 миллион теңгеге жуықтаған.
«Төлемеймін»
Жол ақысын төлемеген жолаушы бақылаушылардың қолына түссе, айыппұлға ілінеді. Айыппұл көлемі 2 айлық есептік көрсеткіш. Өткен жылы көлемі 7 864 теңге болған. Биыл 70 теңге төлеуден жалтарғандарға енді 8650 теңге айыппұл салынады. Былтыр айыппұл 8 мың адамға салынған.
Қоғамдық көлікті бақылаушылардың сөзінше, жүз жолаушының алпысы жол ақысын төлемейді. Олардың дені жастар.
Бақылаушы Ариф Мамышовтың сөзінше, жолаушылардың кейбірі «төлемеймін» деп ашық айтады.
«Ондайлар «Не істей аласың?» дейді. Жолаушыларға жағдайды барынша түсіндіреміз. Қазір төлем түрі көп, жеңіл. Көбінде «каспиі бұғатталған». Оларға «Автобус» қосымшасын тартып алуды ұсынамыз», – дейді ол.

Бақылаушы Дариға Кәрібаева әсіресе «часпик» уақытында таңда және кешке «қоян» болып жүретінде өте көп кездесетінін айтады.
Жолақысын төлеу неге маңызды
Мамандардың айтуынша, миллионнан аса халқы бар қала тұрғындарының 30 пайызы қоғамдық көлікті пайдаланады. Күніне 300 мыңнан аса адам тасымалданады. Бір жолаушы діттеген жеріне барып, қайтты деп есептегенде 700 мың жол жүру ақысы төленуі керек. Десе де өткен жылы орташа есеппен бұл көрсеткіш бар-жоғы 360 мыңға жеткен.
«Smart mobility» ЖШС директорының орынбасары Назым Жанболатованың сөзінше, жолақысын төлеу бірінші кезекте қоғамдық көліктерді реттеуге сеп. Жергілікті әкімдік бақылайды, жолаушы ағынын анықталады, соған сай автобус саны артады не кемітеді.
Бұған дейін, ақылы жолда жүру ақысы уақытылы төленбесе, қандай шара қолданылатынын жазғанбыз.