FlyArystan-дағы ұрлық: сотталушы ашық хат жариялап, әуе компаниясын айыптады

Жарияланды 9 Қаңтар 2026 11:11

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
фото: shutterstock

FlyArystan лоукостеріндегі ұрлыққа қатысты іс сотта қаралып жатыр. Істегі үш сотталушының бірі Ренат Абулхановтың ашық хаты әлеуметтік желілерде жарияланды. Онда сотталушы Air Astana әуе компаниясының өзін айыптады.

Алты бет параққа қолмен жазылып, астына қол қойылған хатты өзін сотталушының досымын деп таныстырған Бекзат Құлманов есімді азамат Threads әлеуметтік желісінде жариялады. Тергеу изоляторында жазылған ашық хат қана емес, әуе компаниясы қызметкерлері мен басшылық туыстарының мессенджердегі әңгімелерінің бірнеше скриншоты да көпшілік назарына ұсынылды.

Ренат Абулханов хаты

2024 жылдың аяғында Air Astana әуе компаниясының кассасында миллиардтан астам теңге жетіспейтініне қатысты қылмыстық іс қозғалғаны мәлім. Ақша жетіспейтінін «Эрнст энд Янг» аудиторлары екі жыл бұрын анықтаған. Ал қылмыстық істі Қаржылық мониторинг агенттігі қарап, сотқа өткізген.

Тергеу барысында FlyArystan лоукостерінің үш қызметкері ұсталған. Олар: компания табысын басқару департаментінің басшысы Ренат Абулханов, сауда жөніндегі менеджер Дәуір Еркенұлы, табысты есептеу жөніндегі менеджер Еркін Исанов.

Ашық хатта Абулханов тағылған айыптарды жоққа шығарып, оны «Эйр Астананың» «корпоративтік кек алуы» деп сипаттаған.

«Мен осы хатты №72 тергеу изоляторы камерасында жазып отырмын. «Эйр Астананның» корпоративтік кек алуынан туындаған іс бойынша мені бір жылға жуық уақыт осы жерде ұстады», – деп жазады сотталушы.

Бұған қоса, ол тергеушілер де, прокуратура да кінәлі екенін, «бірде-бір дәлел таппағанын» мәлімдеді.

«Мені қылмыс үшін соттап жатқан жоқ. Мені өзге адамдардың мүдделері, үрейі мен қылмыстық схемасына ыңғайлы қызметкер болғаным үшін соттап жатыр», – дейді топ-менеджер.

Абулхановқа сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салу бабы негізінде айып тағылған. Прокурор оны тоғыз жылға соттауды сұрағаны ашық хаттан мәлім болды.

Әлеуметтік желілерде әуе билеттері саудасына қатысты бірнеше скриншот жарияланды. Олардың арасында Air Astana басшысы Питер Фостердің әйелі Татьяна Фостердің аты аталады.

Air Astana әуе компаниясының баспасөз қызметі сот үкімі шыққанша, бұл мәселеге қатысты мәлімет таратпайтынын Kursiv.Media тілшісіне хабарлады.

2025 жылы ұшақ моторындағы ақау салдарынан Air Astana 25,5 млн доллар жоғалтқан. Былтыр қазанда Фостердің қызметтен кететіні мәлім болды. Оның орнына түрік азаматы Ибрагим Жанлыел келеді.

Сондай-ақ оқыңыз