Иран көсемі аятолла Әли Хаменеи көтерілген халық пен Трампты айыптады

9 қаңтарда Иранның бүкіл әлеммен байланысы үзілді: интернет, телефон желілері ажырады, әуе рейстері тоқтады. Бұл уақытта аятолла Әли Хаменеи телеарна арқылы ұлтқа үндеу тастап, көтерілген халықты Дональд Трамптың айтағына ерді деп айыптады.
Көсем халықты қорқытты
Reuters мәліметінше, байланыссыз қалған Иранда жаңалықтар сайты әзер дегенде жаңарып тұр. Ал елдің рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи көшеге шыққан халықты АҚШ президенті Дональд Трамптың атынан әрекет етіп жатыр деп айыптады. Бұған қоса, көсем наразылық акцияларына қатысқандар мемлекет мүлкін талқандады деп азғырып, Тегеран «шетелге жалданған» адамдарға төзбейді деп қорқытты.
«Кеше кешке Тегеранда вандалдар мен бүлікшілер тобы мемлекетке тиесілі ғимаратты талқандады. Олар Құрама Штаттар президентіне жағыну үшін осылай істеді», – деп мәлімдеген Хаменеи.
Иранда халық наразылығы екі апта бұрын басталған. Инфляция жайлаған елдегі көпшілік жүзден астам қалада көшеге шыққан. Адам құқықтарын қорғаушы ұйымдар қақтығыстардан ондаған адам қаза тапқанын жариялап жатыр.
Оппозиция үндеуі
Иран оппозициясы халықты жұма күні наразылыққа шығуға кеңес берген. Кезінде осы елді билеген шахтың ұлы Реза Пахлави осындай үндеу тастаған.
«Бүкіл әлем назары сендерге ауды. Көшеге шығыңдар», – деп жазған шахтың ұлы әлеуметтік желілерге.
Былтыр жазда Иранды атқылаған Трамп өткен аптада көтерілген халыққа көмекке келуі мүмкін екенін айтқан.
Иран мемлекеттік телеарнасы жариялаған видеолардан өртенген автобустар, автокөліктер мен мотоциклдерді байқауға болады. Бұған қоса, Тегеранда метро станциялары мен банктер өртеніп жатыр. Ресми мәлімет таратушы телеарна тәртіпсіздікке Моджахедтердің халық ұйымын айыптаған.
Иран 9 қаңтарға қараған түні бүкіл елде интернетті өшірген. 2025 жылғы маусымда да Иранда наразылық болып, билік сол кезде де ғаламторды сөндірген. Артынша Starlink спутниктік интернетін қолданған азаматтарды дүрелейтіні мәлім болған.