Lifestyle

Қазақ мектебінде оқитын балалардың ата-аналары тіл үйреніп жүр

қазақ тілі
фото: gov.kz

Астана қаласындағы мектептердің бірқатарында қазақ мектебінде оқитын балалардың ата-аналары мемлекеттік тілді үйреніп жүр. Жоба орыс тілді ортада тәрбиеленген отбасыларды қолдауды көздейді. Бұл туралы Kursiv.Media елорда әкімдігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлады.

Тіл үйрену курстары 2025 жылғы қыркүйектен бері жұмыс істейді.

«Қызым екінші сыныпта оқиды. Алғашында қиналып қаламыз ба деп қорықтық. Кейін мұғалімдермен сөйлесіп, олардың қолдауын сезінген соң баламызды қазақ сыныбына бердік. Қазір өзім де курстарға қатысып жүрмін», – деді оқушының анасы Анна Гильмиярова.

Оның айтуынша, мұндай жобалар үй тапсырмасын орындауға, баланың қатарластарымен еркін араласуына көмектеседі.

«Жоба тек тіл үйретіп қана қоймай, ата-аналарды бір-біріне жақындатады. Біз бір-бірімізге қолдау көрсетіп, білімімізді бөлісеміз. Курстарға жазылу арқылы ең алдымен өзіме және балама оқу бағдарламасын меңгеруге көмектесіп жатырмын. Осылайша, балаларымызға қазақ тіліне деген құрметті өз үлгі­мізбен көрсетеміз», – деді қазақ тілін оқып жүрген ана.

Көптеген ата-ана үшін бұл курс қарым-қатынас орнататын ортаға айналған.

«Мемлекеттік тілді меңгеру мен үшін өте маңызды, себебі балам қазақ сыныбында оқиды. Қызым жаңа достар тапты, ал мен үшін әрдайым көмектесуге дайын ата-аналар мен мұғалімдер ортасы қалыптасты. Бәріміз бір мақсатқа бірге, ұйымшыл түрде қадам басып келеміз», – деді Наталья Швецова.

Жоба қала әкімдігінің, Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен жүзеге асырылып отыр.

«Іс-шараның басты мақсаты – мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылықты арттыру. Қазіргі таңда жобаға 16 мектептен 189 ата-ана қатысып жатыр. Сабақтар аптасына үш рет онлайн және офлайн форматта өтеді, бір сабақтың ұзақтығы – 60 минут. Бастама мұнымен шектелмейді. Алдағы жылдары жобаға басқа да ата-аналар қатысады, ал қазір оқып жатқан қатысушылар төртінші сыныпқа дейін білім ала алады», – деп мәлімдеді қалалық Оқу-әдістемелік орталықтың қызметкері Жанар Сейтахметқызы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы бастама аясында ата-аналар мемлекеттік тілді меңгеріп қана қоймай, баланың әлеуметтік-мәдени ортаға бейімделуіне де белсенді түрде араласады.