Трамп Ресейге қосымша санкция салуды қолдады

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейге қарсы қосымша санкция енгізуді қолдады. Дегенмен Ақ үй басшысы оның қажеті бола қоймас деп үміттенеді.
«Мен шектеуді қолдаймын. Бірақ бізге оған жүгінудің қажеті бола қоймас деп үміттенемін», – деп мәлімдеді Трамп Fox News телеарнасына берген сұхбатында.
Ол Ресей экономикасын «өте ауыр жағдайда» деп сипаттап, Вашингтон қазірдің өзінде федерацияға қарсы «ауқымды санкция» қолданып отырғанын айтқан.
Бір күн бұрын сенатор Линдси Грэм Ресейге қарсы санкциялар жобасы дайын екенін, Мәскеу Киевпен бейбітшілік келісімге отырудан бас тартқан уақытта қолданылатынын мәлімдеген. Шектеулер Ресей мұнай-газын, уранын сатып алып отырған елдерге де 500% баж салығын енгізуді көздейді.
Грэм санкцияларды Трамптың өзі қолдап отырғанын айтқан. Оның пікірінше, мұндай шектеулер Қытай, Үндістан және Бразилияға қысым көрсету мақсатында қолданылуы да мүмкін.
RBC дерегінше, Мәскеу Ресейге қарсы санкцияларды заңсыз деп санайды. Кремль мұндай шектеулерге Ресей экономикасы әбден бейімделіп, әрі қарай дамып жатыр деп есептейді.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 22 қазанда АҚШ қаржы министрлігі Ресейдің «Роснефть» және «Лукойл» компаниялары мен оларға еншілес кәсіпорындарына санкция салған. Шектеулердің әсері Қазақстанға да тиген. Өйткені «Лукойлдың» республикада ірі мұнай-газ активтері бар.