Ұлының еміне деп халықтан 1,3 млрд теңге жинаған әйел соттағы соңғы сөзін айтты

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Іс Астана сотында қаралды/фото: shutterstock

Астана сотында ұлының еміне деп халықтан 1,3 млрд теңге жинаған ерлі-зайыпты Дәулет пен Толқын Тотақановтар соттағы соңғы сөзін айтты. Іс қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта қаралып жатыр.

«Ешкімді алдаған жоқпыз. Біздің ерекше баламыз бар. Адамдар өз еркімен көмектесті. Олар біздің қайғымызды, баламыздың жағдайын көрді. Баламызды Түркияда, Қытайда, Әзербайжанда, Ресейде емдеттік. Бұған 6 млн теңге емес, 160 млн теңге кетті.

Пайызбен қарыз беретін адамдардан ақшаны бастапқыда тек ұлымды емдету үшін алдым, бірақ уақыт өте келе бұл адамдар бопсалай бастады, қорқытты. 5 жылдың ішінде олар бізден 700 млн теңгеден астам ақша алды», – деді Толқын Тотақанова соттағы соңғы сөзінде.

Сөзінше, баю туралы ойы болмаған.

«Ерекше балалар тек ата-анасына ғана қажет. Біз қамқорлық жасамасақ, үнемі емдетіп отырмасақ, баламның жағдайы нашарлайды.

Күйеуім бұл туралы білмеді. Оның Instagram парақшасы жоқ, картасына ақша түспеген, еш жерде оның есепшотын көрсеткен емеспіз», – дейді сотталушы соңғы сөзінде.

Соған байланысты әйел өзін ақтауды немесе жәбірленушілерге келген шығын көлеміне айыппұл салуды сұрады.

Тергеу дерегінше, 2020-2024 жылдары Тотақановтар Instagram желісінде ұлына қойылған диагноз туралы айтып, баланың еміне ақша жинаған. Әлеуметтік желіде эмоцияға толы видео жариялап, әрі қарай таратып отырған. Нәтижесінде ерлі-зайыпты 1,3 млрд теңге жинаған, алайда баланың еміне небәрі 6,4-6,5 млн теңге жұмсаған.

Қалған ақша Астанадан үш пәтер, жер телімін, бес автокөлік сатып алуға, бренд киім-кешекке, шетелге шығуға және букмекерлік кеңселердегі ставкаларға жұмсалған. Қаражаттың бір бөлігі (481 млн теңгеден астамы) әлеуметтік желідегі парақшаны ілгерілетуге бағытталған.

Тотақановтар сот барысында өздерін фото-видеоға түсіруге қарсы болды.

Қылмыстық іс қаралған сот залы/фото: kursiv.media, Айгерім Таубай

Жарыссөзде прокурор ерлі-зайыптыны 7 жылға бас бостандығынан айыруды, жас баласының болуына байланысты Толқын Тотақановаға жазасын кейін өтеу мүмкіндігін беруді сұраған.

Сот үкімі 2026 жылдың 9 қаңтарында шығады.

Сондай-ақ оқыңыз