«Жоба қаржы күтіп отыр»: министрлік Әуезов театрын жөндеуге қатысты түсініктеме берді

Мәдениет және ақпарат министрлігі Алматыдағы «Мұхтар Әуезов театры ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстары тоқтаған жоқ» деп ақпарат таратты.
Бұған дейін бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында М. Әуезов атындағы театр ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстары баяу жүріп жатқаны немесе тоқтап тұрғаны туралы мәлімет жарияланған.
«Нысанды қайта жаңғырту жұмыстары тоқтатылған жоқ. Қазір жоба жаңа қаржы жылының басталуын күтуде, содан кейін белгіленген тәртіпке сәйкес жұмыстарды жалғастыру үшін қажетті қаражат бөлінеді. Нысандағы жөндеу жұмыстары уәкілетті мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында. М. Әуезов атындағы театрды қайта жаңғырту оның тарихи және мәдени құндылығын сақтауға қойылатын барлық талаптарды сақтай отырып, толық аяқталады», – делінген түсініктемеде.
Еске сала кетейік, бұған дейін журналист Полина Шиманская ғимаратты жөндеуге жауапты BI Group құрылыс компаниясы бюджет қаражатының жетіспеуіне байланысты құрылыс жұмыстарын уақытша тоқтатқанын хабарлаған еді. Әңгіме 45 млрд теңге туралы болып отыр.
«Уәде етілген қаражат қазір бюджетте жоқ. Сондықтан қайта жаңғырту жұмыстарымен айналысып жатқан компания құрылысты «консервациялауға» мәжбүр болды. Соның салдарынан труппа әртүрлі жағдайда жұмыс істеуге, түрлі театрларды паналауға және өз сахнасында қойылым қоюдан бас тартуға мәжбүр», – деп хабарлады Шиманская.
Құрылыс салушы өкілдерінің сөзінше, түпнұсқа «Қонаев кезеңіндегі» мәрмәр сақталады. Жаңа плиталар ғимарат өзінің тарихи келбетін жоғалтпауы үшін сол бұрынғы Текелі кенішінен жеткізілмек. Сондай-ақ журналист құрылыс алаңынан түсірілген кадрларды жариялаған. Қазір жұмыстар әлі аяқталмаған: жұмысшылар ғимарат пен интерьердің басым бөлігін бұзып, тек тірек конструкцияларын ғана қалдырған.
Айта кетейік, бұған дейін Әуезов театры жөндеуден кейін қандай болатыны жайлы жазған едік.