Алматыдағы барлық мектеп BilimClass электронды журналына көшеді

2025–2026 оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап Алматы қаласындағы барлық мектеп BilimClass тегін электронды журналына көшеді. Қалалық білім басқармасы мұндай шешімді платформа 15 мектепте пилоттық сынақтан сәтті өтіп, жан-жақты талдау жүргізген соң қабылдаған.
Платформа жайлы
BilimClass – Bilim Group компаниясының толықтай қазақстандық өнімi. Серверлері Қазақстан аумағында орналасқан, бұл – пайдаланушылар деректерінің қауіпсіздігі мен құпиялылығын қамтамасыз етеді. Платформа Қазақстан заңнамасының барлық талабына сай келеді.
«Қазіргі уақытта BilimClass платформасын еліміздің 11 өңірінде – Алматы, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Ұлытау, Абай, Қызылорда, Жетісу, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында 2,5 млн оқушы мен 350 мың мұғалім пайдаланып отыр», – деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Қандай мүмкіндік береді
Ата-аналар мен оқушылар үшін BilimClass тегін мобильді қосымшасы қолжетімді. Онда сабақ кестесі, оқушының қатысуы, бағалар мен үй тапсырмалары көрсетіледі. Мұғалімдер үшін күнтізбелік-тақырыптық жоспарлау, қашықтан оқыту сабақтары, интерактивті тапсырмалар, БЖБ және ТЖБ каталогы, оқушылармен чат және кері байланыс құралдары қарастырылған.
«Платформамен жұмыс істеу барысында мектептер, мұғалімдер мен оқушылар тек электронды журнал ғана емес, Bilim Group компаниясының басқа да пайдалы өнімдерін пайдалана алады. Олардың қатарында – ҰБТ-ға дайындыққа арналған онлайн-тренажер iTest, бастауыш сыныпқа арналған қазақ тіліндегі бейнесабақтар iMektep және ТМД елдеріндегі ең ірі цифрлық білім беру контенті базасы – BilimLand бар», – деп атап өтті компания өкілдері.
Жүйеге көшу қысқы каникул кезінде жоспарланған, бұл оқу процесіне кедергі келтірмейді. Осы уақыт ішінде барлық мұғалім платформамен жұмыс істеуге тегін оқытылып, техникалық қолдау қызметі мектептерге көмектесіп, туындаған мәселелерді жедел шешуде.
Еске салсақ, осыған дейін «Kundelik» ЖШС желіде жеке деректердің таралуы жөніндегі ақпаратқа байланысты мәлімдеме жасаған болатын. Компания мемлекеттік органдар жүргізген тексеру пайдаланушылар үшін елеулі қауіп жоқ екенін растағанын хабарлады.