Әлеуметтік желіде заңсыз ұтыс ойынын ұйымдастырған 121 адам заң алдында жауап береді

Қазақстанда 2025 жылы заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырғаны үшін 121 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігіне қарасты ойын бизнесі мен лотереяны реттеу комитеті хабарлады.
Айыппұлдың жалпы сомасы 49,9 млн теңге. Заңсыз қызметпен айналысқандарға ескерту хаттары жіберілген.
«Хаттама шешімімен келіскен жағдайда құқық бұзушылар айыппұлды өз еркімен төлейді. Келіспеген жағдайда іс сотқа жолданып, белгіленген тәртіппен қаралады», – деп түсіндірді комитет өкілдері.
Комитет заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырған тұлғаларға ескерту хаттары жолданып, офлайн және онлайн форматтарда түсіндіру кездесулері өткізкенін мәлімдеді. Сондай-ақ, министрліктің ресми сайтында әлеуметтік желілерде ұтыс ойындарын өткізген аккаунттардың тізімі де жарияланған.
Еске сала кетсек, ҚР ӘҚБтК 445-1-бабының 6 және 7-бөліктеріне сәйкес, лотерея операторы емес тұлға лотерея өткізетін болса, жеке тұлғаларға 100 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), ал шағын кәсіпкерлік субъектілеріне (жеке кәсіпкерлерге) 300 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Бір жыл ішінде осындай құқық бұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері жеке тұлғаларға – 200 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 750 АЕК болып белгіленеді. Сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтан түскен табыс тәркіленеді.
Туризм және спорт министрлігі азаматтарды әлеуметтік желілерде ұйымдастырылатын күмәнді ұтыс ойындары мен акцияларға қатыспауға шақырады.
Лотерея мен ұтыс ойыны екі түрлі нәрсе
Кез келген бизнес білуге тиіс басты нәрсе, заңнама тұрғысынан лотерея мен ұтыс ойыны бірдей емес.
Лотерея – бұл қатаң реттелетін қызмет түрі. Оны тек мемлекеттік лицензиясы бар ұйымдастырушылар ғана өткізе алады, ал барлық талап «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» арнайы заңда жазылған. Егер компания лицензиясыз ақша жинап, жүлде уәде етсе, бұл тікелей заңбұзушылық. Біреу ұтыс ойыны түрінде ақша жинаса, бұл заңсыз лотерея болып есептеледі.