Иран билігі АҚШ пен Израильді елдегі жағдайды ушықтырды деп айыптады

Иранда 28 желтоқсаннан бері жалғасып келе жатқан наразылық соңғы жылдардағы ең ірі демонстрацияға айналды. Ол бастапқыда экономикалық қиындықтар мен валютаның құнсыздануына наразылық ретінде басталған болса, қазір кейбір тұрғындар Ислам Республикасы қызметі тоқтатылуын және монархияны қалпына келтіруді талап етіп жатыр.
Иранның қауіпсіздік органдары наразылыққа шыққандарға қарсы қатаң ескерту жасап, оларды «қарулы вандалдар» және «бейбітшілік пен қауіпсіздікті бұзушылар» деп атады. IRGC (Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы) кез келген «террористік әрекеттерге» төзбейтінін білтірген.
BBC басылымының хабарлауынша, Иран Біріккен Ұлттар Ұйымына хат жолдап, АҚШ пен Израильді ел ішіндегі жағдайды ушықтырды деп айыптады.
Құқық қорғау орындарының дерегінше, наразылық барысында кемінде 48 адам қаза тауып, 2 277 адам ұсталған. Олардың ішінде балалар бар. Елде интернет байланысы үзілген, бұл ақпарат алмасуды қиындатты.
АҚШ президенті Дональд Трамп Иран «қиын кзеңге тап болды» деп бағалап, жағдайды мұқият қадағалап отырғанын айтты. Ол елге қатысты кез келген қимыл «қолда бар әскерилерді жіберу» дегенді білдірмейтінін атап өтті.
Иран 9 қаңтарға қараған түні бүкіл елде интернетті өшірген. 2025 жылғы маусымда да Иранда наразылық болып, билік сол кезде де ғаламторды сөндірген.