Жаңалықтар

Құтқарушылар бес қабатты үйдегі өрттен екі адамды аман алып шықты

пожар
Өрттен екі адам құтқарылды / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Серикжан Ковланбаев

Алматы қаласында ТЖМ қызметкерлері көпқабатты тұрғын үйден шыққан өрттен екі адамды аман алып қалды.

Оқиға 10 қаңтарға қараған түні Алмалы ауданындағы Клочков көшесінде орналасқан бес қабатты тұрғын үйде болған. Өрт үйдің үшінші қабатындағы пәтерде шыққан.

Құтқарушылар келген сәтте пәтердің кіреберісі мен санитарлық торабы шамамен 15 шаршы метр аумақта ашық жалынмен жанып жатқаны анықталды. Қалың түтін подъезд ішіне тарап, тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген.

Өртті барлау кезінде төтеншеліктер есігі жабық тұрған пәтерді ашып, түтін басқан бөлмелер арқылы өтіп, балконға шыққан. Сол жерде 96 жастағы әжей балкон терезесі арқылы тыныс алып тұрған. Мамандар қарт кісіні құтқарып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды.

Сондай-ақ төртінші қабаттағы пәтерден 52 жастағы әйел арнайы құтқару қалпағының көмегімен эвакуацияланды. Көрші пәтерлердің тұрғындары да қауіпсіз жерге шығарылды.

Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде өрт сағат 01:05-те толық сөндірілді. Қаза тапқандар жоқ. Құтқарылған азаматтар дәрігерлердің бақылауында, олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Оқиға орнында Алматы қаласы ТЖД-ның 25 қызметкері жұмыс істеді. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Бұған дейін Тобылда көпқабатты үйдегі өрттен бес адам құтқарылған.