
АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде ірі энергетикалық компаниялардың басшыларымен кездесіп, Венесуэланың мұнай өнеркәсібін қалпына келтіру мәселесін талқылады, деп хабарлайды Reuters.
Кездесуден бұрын Трамп өзінің әлеуметтік желісінде Венесуэланың мұнай секторына кемінде 100 млрд доллар инвестиция салуды көздейтінін жариялаған.
Трамп жоспарына сәйкес, инвестиция салатын компаниялар өздері қаржы жұмсап, ал Венесуэланың нарығына шығу жөніндегі келіссөзді тек АҚШ үкіметі жүргізетін болады.
«Сіздер келіссөздерді тікелей бізбен жүргізесіздер, Венесуэламен ешқандай келіссөзге бармайсыздар. Біз мұны қаламаймыз», – деді президент.
Ақ үйге Chevron, Exxon, Conoco Phillips, Shell, Marathon, Valero, Repsol, Eni, Trafigura, Vitol Americas сияқты әлемдік мұнай компанияларының өкілдері және АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен энергетика министрі Крис Райт келген.
Chevron – Венесуэлада жұмыс істейтін жалғыз ірі америкалық компания. АҚШ үкіметі оған осы елде жұмыс істеуге рұқсат беріп, санкциялардан босатқан. Сhevron компаниясының вице-президенті Марк Нельсон басқа ірі компаниялар елдегі саяси тұрақсыздық пен шығындардың көптігіне байланысты ұзақ мерзімді инвестицияға әлі дайын емес екенін мәлімдеген.
АҚШ президентінің айтуынша, Венесуэладағы мұнай экспортын бақылау қазір Вашингтонның қолында. 6 қаңтарда Трамп Венесуэладағы уақытша билік АҚШ-қа 50 млн баррель мұнай беретінін мәлімдеді. Бұл мұнайдың нарықтағы бағасы шамамен 2,8 млрд долларды құрайды. Президент АҚШ бұл мұнайды жеке бақылап, түсетін табысты Венесуэла халқы мен АҚШ игілігіне жұмсайтынын атап өтті.