Қайрат Сатыбалды Алматыдағы қонақүй ғимаратын мемлекетке сыйға тартқан

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Алматының орталығынндағы қонақ үй мемлекет меншігіне өтті / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қайрат Сатыбалды Алматының орталығыдағы зәулім қонақ үйін мемлекетке сыйға тартқан. Осылайша Есентай өзенінің жағасында орналасқан ғимарат мемлекет меншігіне өтті. Бұл туралы «Власть» басылымы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментіне сілтеме жасай отырып хабарлады.

Департамент мәліметінше, Кайрат Сатыбалды мен Алматы қаласы бойынша департамент арасында 2023 жылғы 1 тамызда №15 сыйға тарту шарты жасалған. Келісім Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің бұйрығы негізінде рәсімделген. Сыйға тартылған нысан — жалпы аумағы 9 461,6 шаршы метр болатын жылжымайтын мүлік. Ол Алматы қаласының Бостандық ауданында, Көктем-3 шағынауданында орналасқан.

Қонақүй ғимараты 2017 жылы пайдалануға берілгенімен, ішкі әрлеу жұмыстары толық аяқталмаған. 2022 жылдың қыркүйегінде нысан krisha.kz сайтында 5,2 млрд теңгеге сатылымға шығарылған, ал бір жылдан кейін бағасы 4,74 млрд теңгеге дейін төмендеген.

2025 жылдың наурыз айында ғимарат ішінде құрылыс қалдықтары жанып, өрт оқиғасы тіркелгенімен, тілсіз жау жедел ауыздықталған.

Қайрат Сатыбалды — Қазақстанның бұрынғы президентінің немере інісі. Ол 2022 жылдың наурызында «Қазақтелекомнан» қаржы жымқыру схемасын ұйымдастырды деген айыппен қамауға алынып, сол жылдың қыркүйегінде алты жылға бас бостандығынан айырылған. Алайда 2024 жылғы 16 тамызда Өскемен қалалық №2 соты келтірілген залалдың толық өтелуіне байланысты жазаны бас бостандығын шектеу түріне ауыстырды.

Қайрат Сатыбалдының заңсыз жолмен тапқан активтерін қайтару процесі 2024 жылы тамыз айында аяқталған. Ол мемлекетке жалпы құны 732,8 млрд теңгені құрайтын дүние-мүлікті өткізді.

Сондай-ақ оқыңыз