АҚШ Гренландияға басып кіру жоспарын талқылап жатыр

АҚШ президенті Дональд Трамп арнайы операциялар қолбасшылығына Гренландияға ықтимал басып кіру жоспарын әзірлеуді тапсырды. Бұл туралы Daily Mail басылымы дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.
Басылымның мәліметінше, бұл бастама мемлекет басшысына жақын саяси кеңесшілерден, соның ішінде Стивен Миллерден шыққан. Венесуэла басшысы Николас Мадуроны биліктен тайдыру операциясы сәтті аяқталғаннан кейін, АҚШ Ресей немесе Қытай араласпай тұрғанда, Гренландияны тез арада бақылауға алуы тиіс деп есептейді.
Эскалация сценарийі және НАТО үшін қауіп
Daily Mail дерегінше, британдық дипломаттар Гренландия төңірегіндегі жағдайдың ушығу сценарийін алдын ала пысықтаған. Құжаттарда Трамп Даниямен арадағы байланысты үзу үшін күш қолдануы немесе «саяси қысым» көрсетуі мүмкін екені айтылған. Дипломатиялық жеделхаттардың бірінде бұл әрекет АҚШ президенті айналасындағы «MAGA қозғалысының радикал тобының» шынайы мақсаты ретінде сипатталған.
Сондай-ақ Данияға әскери қысым көрсету НАТО-ны «іштен ыдыратуы» мүмкін деген қауіп те көрсетілген.
«Конгресс Трамптың НАТО-дан шығуына жол бермейтіндіктен, Гренландияны басып алу еуропалықтарды альянстан бас тартуға мәжбүрлеуі мүмкін. Егер Трамп НАТО-ны таратуға ниетті болса, бұл – ең ыңғайлы жол», – деп келтіріледі дипломатиялық құжаттан үзінді.
Алайда АҚШ-тың жоғары әскери басшылығы бұл жоспарға қарсы.
«Генералдар мұндай жоспарды заңсыз деп санайды және президенттің назарын басқа нұсқаларға аударуға тырысуда», – дейді басылымның дереккөзі.
«Компромисс» нұсқасы
Талқыланып жатқан сценарийлердің бірі – «компромисс нұсқасы». Бұл жағдайда Копенгаген АҚШ-қа Гренландияда толық әскери қолжетімділік беріп, Ресей мен Қытайдың аралдағы ықпалын шектеуі мүмкін. Еуропалық шенеуніктер мұндай қадамдардың өзі НАТО ішінде ауыр дағдарыс туғызатынын ескертуде.
Трамптың мәлімдемелері
Бұған дейін Дональд Трамп АҚШ 2026 жылдың соңына дейін Гренландияға бақылау орнатуды көздеп отырғанын мәлімдеген. Кейінірек Мемлекеттік хатшы Марко Рубио Өкілдер палатасының мүшелерімен жабық кездесуде бұл сөздер әскери басып кіруді білдірмейтінін айтып, Вашингтонның мақсаты – Гренландияны сатып алу екенін түсіндірген.
Сонымен қатар Трамп бірнеше брифинг барысында АҚШ аралды иеленуі тиіс екенін, әйтпесе болашақта Гренландия Ресей немесе Қытайдың ықпалына өтіп кетуі мүмкін екенін алға тартқан.