Жаңалықтар

Ұлттық ұлан Шымкенттегі сарбаз өліміне қатысты түсініктеме берді

Жамбылда сарбаз өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды / Фото: Shutterstock

Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы Тараз қаласынан шақырылған мерзімді әскери қызметшінің өліміне қатысты ресми мәлімдеме жасады. 21 жастағы сарбаз Шымкент қаласындағы ауруханалардың бірінде көз жұмып, әскери ант қабылдап үлгермегені хабарланған болатын.

Ұлттық ұланның мәліметінше, Жамбыл облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті арқылы әскерге шақырылған сарбаз 2025 жылғы 9 желтоқсанда әскери бөлімге келген.

Ресми ақпаратқа сәйкес, алғаш рет 17 желтоқсанда медициналық көмекке жүгінген. Осы сәттен бастап сарбазға қажетті медициналық көмек көрсетіліп, тиісті талдаулар алынып, тексерулер жүргізілген және дәрігерлердің бақылауында болған.

29 желтоқсанда денсаулығының күрт нашарлауына байланысты оны Шымкент қаласындағы медициналық мекемелердің біріне жатқызу қажеттілігі туындаған. Алайда көрсетілген барлық медициналық шараға қарамастан, 2026 жылғы 6 қаңтарда сарбаздың жүрегі тоқтағаны тіркелді. Алдын ала қойылған диагноз жедел лейкоз.

Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалғаны да белгілі.

Сонымен қатар марқұмның туыстары бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында сарбаз әскерге шақырылар алдында толықтай сау болғанын айтып, істің мән-жайына күмән келтірген. Тіпті түрлі құрылымдар тарапынан салғырттық болғанын және өздеріне қысым көрсетіліп жатқанын да алға тартқан.

Бұл мәселеге қатысты Ұлттық ұлан қысым көрсету туралы мәліметтер расталмағанын мәлімдеді. Дегенмен барлық айтылған уәж тергеу аясында қосымша тексерілетіні хабарланды.