Тоқаев Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесті
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен телефон арқылы әңгімелесті. Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, сөйлесу Израиль тарапының бастамасымен өткен.
Тараптар Қазақстан мен Израиль арасындағы көпжылдық ынтымақтастықтың тұрақты дамып келе жатқанын атап өтіп, екіжақты және халықаралық күн тәртібіндегі кең ауқымды мәселелер бойынша өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге дайын екендерін білдірді.
Әңгіме барысында Биньямин Нетаньяху Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын айтты. Израиль премьерінің сөзінше, бұл қадам батыл әрі көреген шешім болып табылады және аймақтағы бейбітшілікке, тұрақтылыққа, сондай-ақ халықаралық диалогты нығайтуға ықпал етеді.
Сонымен қатар, тараптар жоғары деңгейдегі сапарларды ұйымдастыруды қоса алғанда, белсенді байланыстарды қолдап отыру туралы уағдаластыққа қол жеткізді.
Айта кетейік, Авраам келісімдері – Израиль мен бірқатар араб елдері арасында жасалған бейбіт келісімдер. Бұған дейін бұл мемлекеттер Израильді мойындамай, ресми қарым-қатынас орнатпаған еді. Аталған келісімдер нәтижесінде тараптар елшіліктер ашып, сауда-экономикалық және дипломатиялық байланыстарды дамытуға кірісті.