Lifestyle

12 қаңтар – Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 114 жыл

Д. А. Қонаев атақты тың игерушілермен кездесу кезінде. /В. Зинин, г. Попов, М. Чумин / ТАСС фотохроникасы

Бүгін, 12 қаңтар күні, қазақ халқының көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер, академик Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың дүниеге келгеніне 114 жыл толып отыр.

Дінмұхамед Ахметұлы 1912 жылы 12 қаңтарда Верный қаласында (қазіргі Алматы) қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген. Шыққан тегі – Ысты тайпасының Ойық руы. Әкесі Меңліахмет Жұмабайұлы ауыл шаруашылығы мен сауда саласында еңбек еткен, қазақ және орыс тілдерін меңгерген сауатты адам болған. Анасы Зәуре Байырқызын үй шаруасымен айналысып, бала тәрбиелеген.

Білімі мен қызмет жолы

1930 жылы Алматыдағы №14 орта мектепті тәмамдаған Қонаевты 1931–1936 жылдары Қазақстан Өлкелік комсомол комитеті Мәскеудегі Түсті металл институтына оқуға жібереді. Оқу орнын тау-кен инженері мамандығы бойынша үздік аяқтаған ол еңбек жолын Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат руднигінде бастайды.

1937–1939 жылдары бұрғылау станогінің машинисі, цех бастығы, бас инженер, кейін рудник директоры қызметтерін атқарды. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында тылдағы өндірісті ұйымдастырудағы іскерлігімен көзге түсіп, «Алтайполиметалл» комбинаты бас инженерінің орынбасары, Риддер руднигі мен Лениногор кен басқармасының директоры болды. 1939 жылы КОКП мүшелігіне қабылданды.

1942–1952 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Осы кезеңде ол Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі әрі президенті болып сайланып, республика ғылымының дамуына зор үлес қосты. 1955–1960 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болды.

1960 жылдан 1986 жылға дейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы қызметін атқарған Дінмұхамед Қонаев ел тарихындағы ең ұзақ басқарған басшылардың бірі саналады. Оның басшылығы тұсында Қазақстанда 43 қала мен 68 жұмысшылар кенті бой көтерді. Рудный, Екібастұз, Теміртау, Жезқазған, Балқаш, Ақтау, Кентау, Арқалық сынды өндірістік қалалар ірі экономикалық орталықтарға айналды.

Қонаев кезеңінде республикада ауыл шаруашылығы дамып, тың және тыңайған жерлер игерілді, өнеркәсіп қарқынды өсті. Қазақстан бүкілодақтық деңгейде мыс, қорғасын, мырыш өндірісінің жетекші аймағына айналды. Өскемен, Жезқазған, Балқаш, Ақтөбе, Ермак, Соколов-Сарыбай секілді алып өндіріс орындары іске қосылды.

Махаббат биігінде жолыққан жары – Зухра Шәріпқызы

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өмір жолы ел басқару, ғылым мен саясаттағы биік белестермен ғана емес, сирек кездесетін адал махаббатымен де ерекшеленеді.

фото: отбасылық архивтен

1939 жылы Балқаш көлінің маңындағы Қоңырат кенішінде төрт жылға жуық еңбек еткен жас тау-кен инженері Дінмұхамед Қонаев алғашқы еңбек демалысын Алматыда өткізуді ұйғарады. Бұл сапарында Шымкентте жұмыс істейтін жақын досы Масуд Бақаевпен кездесуді жоспарлап, хат жолдайды. Досынан келген қысқа жауаптың ішінде тағы бір конверт болады Бакаевтың жұбайы Алматыдағы құрбысына жолдаған хатты Қонаевтан қолма-қол табыстауды өтінген екен.

Осылайша сол кездегі Фурманов (қазіргі Назарбаев) көшесіндегі 125-үйдің табалдырығын аттаған сәт Дінмұхамед Ахметұлының тағдырын түбегейлі өзгерткен күн болды. Дәл сол үйде өзінің болашақ жары Зухра Ялымовамен жолықты. Кейін естеліктерінде жұбайын әрдайым Зухра Шәріпқызы деп құрметпен атайтын.

Зухра Шәріпқызы Атбасар өңірінен шыққан белгілі татар көпесі Шәріп Ялымовтың қызы болатын. Оның балалық шағы жеңіл өтпеді. Анасыз қалған қыз 13 жасында өгей шешенің ауыр мінезіне шыдамай, Алматыдағы нағашысы Ғарифтың қолына кетеді. Дәл осы қалада оның тағдыры Қонаевпен тоғысты.

Балқаштан екінші мәрте келген сапарында Қонаев Зухраға үйлену туралы ұсыныс жасайды. Бұл ұсынысқа еш ойланбастан келісім беріп, көп ұзамай екеуі шаңырақ көтеріп, өмірдің ыстық-суығын бірге өткере бастайды.

Соғыс жылдары Алматыдағы шағын пәтері нағыз мейірім ордасына айналды. Зухра Шәріпқызы Қонаевтың ата-анасын ғана емес, бауырларының да біразын бауырына басты.

Зухра Шәріпқызының тағы бір ерекше қыры – ұқыптылығы еді. Өмір бойы отбасының кіріс-шығысын, әрбір ірі сатып алуды тәптіштеп жазып отырған. Бұл тәртіп 1986 жылдан кейін Қонаевтар әулетінің мүлкі тексерілген тұста үлкен септігін тигізгені айтылады.

Ел аузында сақталған бір оқиға осы махаббаттың биіктігін айқын көрсетеді. Бірде ауылдың ақсақалдары Қонаевқа келіп, ұрпақ қалдыру үшін жас қызға үйлену жөнінде ұсыныс айтады. Сонда Зухра Шәріпқызы сабырмен:

«Димекең қалай шешсе, солай болсын» – деп жауап берген екен.

Ал Қонаев:

«Маған Зухрадан басқа әйел керек емес» – деп кесіп айтқан.

Ақын Мұхтар Шахановтың «Махаббат дегеніміз – екі парасатты, пайымды адамның сана биігінде жолығуы» деген атақты сөзі осы Дінмұхамед Қонаев пен Зухра Шәріпқызына арналып айтылған еді.

Егер біз махаббатты Эверест шыңына теңесек, сол шыңға шыққандар саусақпен санарлық. Жұрттың бәрі үйленіп, тұрмыс құра береді. Бірақ оның бәрі махаббат емес. Жүз адамның ішінен бір-екеуі ғана махаббатқа жақындай алады», – Шаханов «Қонаевтың дара махаббаты» атты өлеңін осылай сипаттаған.

фото: отбасылық архивтен

Қонаевтың мұрасы

Ғалым ретінде Дінмұхамед Ахметұлы 100-ден астам ғылыми еңбек жазып, тау-кен ісі ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ол жас ғалымдарды қолдап, білім мен ғылымға ерекше көңіл бөлді.

Сондай-ақ Қонаев қазақ мәдениеті мен өнерінің дамуына айрықша қолдау көрсетті. Оның бастамасымен Алматыда Үкімет үйі, Ғылым академиясы, Республика сарайы, Медеу спорт кешені, Ұлттық кітапхана, цирк, мәдениет пен спорт сарайлары салынды. Қалада жаңа ықшам аудандар ашылып, әлеуметтік инфрақұрылым қалыптасты.

1986 жылы 16 желтоқсанда Қонаевтың қызметінен босатылуы қазақ жастарының наразылығына ұласып, ел тарихындағы Желтоқсан оқиғасына себеп болды. 1993 жылдың 22 тамызында Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 82 жасында дүниеден өтті. Алматы қаласындағы Кеңсай зиратында жерленген.

Бүгінде Дінмұхамед Қонаевтың есімі ел жадында мәңгі сақталған. Қазақстанның бірнеше қаласында көшелерге, оқу орындарына, мәдени нысандарға оның есімі берілген. Алматыда Қонаев мұражайы жұмыс істейді, Халықаралық Қонаев қоры құрылған.