ATP пен WTA рейтингтері жаңарды: Бублик пен Рыбакина үздік ондыққа енді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
коллаж: kursiv.media

Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) спортшылардың жаңартылған жекелей және жұптық рейтингін жариялады.

Рейтинг көшбасында өзгеріс жоқ. Беларусь өкілі Арина Соболенко бірінші орнын сақтап қалды. Польша теннисшісі Ига Швёнтек екінші сатыда тұр. Үздік үштікке америкалық Кори Гауфф қайта оралып, отандасы Аманда Анисимованы төртінші орынға ығыстырды.

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина әлемдік рейтингте бесінші орнын сақтап қалды. Өткен аптада Брисбенде өткен турнирдің ширек финалына дейін жетіп, чехиялық Каролина Муховадан жеңілген еді. Ал аталған турнирдің чемпионы атанған Арина Соболенко финалда украиналық Марта Костюкты жеңіп, 500 рейтингтік ұпайға ие болды.

Өкінішке қарай, тағы бір қазақстандық теннисші Юлия Путинцева рейтингте 31 орыннан бірден 105 орынға түсіп, үздік жүздіктен шығып қалды.

Бублик тарихи рекорд орнатты

Ал ерлер арасындағы басты жаңалықты қазақстандық теннисші Александр Бублик жасады. Гонконгта өткен ATP 250 турнирінде топ жарып, мансабында алғаш рет ATP рейтингінің үздік ондығына енді.

Финалда Бублик әлемнің 7-ракеткасы италиялық Лоренцо Музеттиді екі сетте 7:6, 6:3 есебімен жеңді. Жеңістен кейін қазақстандық теннисші эмоциясын жасырмай, әлеуметтік желіде:

«Міне, ондық, біз мұны жасадық!» – деп жазды.

Жаңартылған ATP рейтингінде Александр Бублик ресми түрде әлемнің 10-ракеткасы атанды. Бұл Қазақстан теннисі тарихындағы бұрын-соңды болмаған жетістік. Бұған дейін қазақстандық спортшылар арасында ең жоғары нәтиже – Бубликтің 2025 жылдың қарашасында жеткен 11-орны болатын.

Сондай-ақ оқыңыз