Аустралияның жасөспірімдерді Instagram-нан шектеуі Цукербергке ұнамады

Технологиялық алпауыт Meta компаниясы Аустралия үкіметін жасөспірімдерге әлеуметтік желіге тыйым салу туралы заңнамасын қайта қарауға шақырады. Компания мәлімдеуінше, заң күшіне енгеннен кейін елде 544 000 аккаунт бұғатталған.
Цукербергке тиесілі платформа өткен жылдың желтоқсанындағы бір аптада Instagram-дағы 331 000, Facebook-тегі 173 000 және Threads-тегі 40 000 жасөспірімнің аккаунттарын өшірген.
«Дегенмен, біз Австралия үкіметін жаппай тыйым салудың орнына, мәселені шешудің жақсырақ жолын табу үшін сала өкілдерімен конструктивті диалогқа шақырамыз. Мысалы, бүкіл саланы интернетте қауіпсіз, құпиялылықты қамтамасыз ететін және жас ерекшелігіне сәйкес келетін контент ұсыну стандарттарын арттыруды ұсынамыз», – деп жазылған мәлімдемеде.
Meta заңға балама ретінде ата-аналардың рұқсатын алу, онлайн-дүкендерде қолданушылардың жасын тексеру деген шешімдерді айтады. Компания өкілдерінің сөзінше, ата-аналар мен сарапшылар тыйым салу жасөспірімдерді онлайн-қауымдастықтан ажыратып, заңсыз, бақылауға келмейтін қосымшаларды пайдалануға мәжбүрлеуі мүмкін.
Еске салайық, өткен жылдың желтоқсанында Аустралия 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салды. Осылайша, толық шектеу қойған әлемдегі ең алғашқы мемлекет атанды.