
Батыс Қазақстан облысында лауазымды тұлғалар шекарадан заңсыз тауар өткізу үшін 100 млн теңге пара алған. Олардың қатарында Мемлекеттік кіріс департаменті басқарма басшыларының бірі және астаналық тұрғын бар. Бұл туралы ҰҚК-ден хабарлады.
«Көрсетілген тұлғалар ақшалай сыйақыға елге халық тұтынатын тауарларды кедергісіз әкелу үшін шетелдік азаматтарға көмек көрсеткен. Олардың 100 млн теңгеден астам пара алғаны процестік тұрғыдан құжатталған», – деп жазылған хабарламада.
Қазір күдіктілер қамауға алынды. Алдын ала есеп бойынша, олардың әрекетінен мемлекетке 1,9 млрд теңге шығын келген.
Комитет қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сілтеп өзге ақпарат жарияланбайтынын жеткізді.
2025 жылдың есебі бойынша, елде сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар 900-ге жуық адам әшкереленген. Тергеу барысында мемлекетке 16,1 млрд теңге қайтарылған.