
Кеше күн қарая көше бойында таныс қызын пышақтап, оқиға орнынан бой тасалаған күдікті әлі іздестіріліп жатыр. Бірнеше жерінен пышақталған марқұмның денесін туысқандары туған жері Төрткөл ауылына алып кетті. Олар күдікті ұсталып, жазасын алса деп отыр.
Түндегі шу
11 қаңтар күні түнде Шымкентте Төлеметов көшесі мен Өтегенов көшесінің қиылысындағы жаяу жүргіншілер жолында болған қанды оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде лезде тарап кетті. Видеодан қыздың қарсылық көрсетіп жатқанын, ал жігіттің оның артынан қуып, ұрып-соғып, пышақтап, қашып кеткенін көруге болады.
Айдың-күннің аманында қоғамдық орында адамның пышаққа ілінгенін, жерде сұлқ жатқанын көргендер мен естігендер сыртқа шығуға қорқып та жатты. Бейресми ақпаратқа қарағанда, марқұмның 11 жеріне пышақ сұғылған, бетін тіліп тастаған. Оқиға орнына жедел жәрдем қызметі келген. Полиция қаптап кеткен.
«Күтікті марқұмның танысы»
Түнделетіп қайтыс болған бойжеткеннің де, оны өлтірді деген күдікке ілінген жігіттің де суреттері де көп өтпей желіде жарияланып кетті. Олардың бірін-бірі танитыны, тіпті жігіт қызға сөз салғаны жөнінде де айтылды. Бірақ бұл ақпараттарды ешкім растамады, не жоққа да шығармады.
Бүгін оқиға орнына барған Kursiv.Media тілшісі тұрғындарды сөзге тартып көрді. Бірақ ешқайсысы оқиға туралы айтып беруге құлық танытпады. Көбі қорқып қалған. Ал полиция әлі де сол маңда жұмыс істеп жүр.

Белгілі болғаны оқиға орнында мерт болған 21 жастағы Нұрай Серікбай сол маңдағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде отбасымен бірге тұрған. Туыстарының айтуынша, екі ағасы бар, үйдің – кенжесі. Студент. Қара жамылған отбасы дел-сал күйде. Анасы қызының қайтыс болғанын естігенде үйден шығар шықпас талып қалған.
Марқұмның денесін тергеушілер қаладағы сот сараптамалары орталығына алып кеткен. Оның сүйегі бүгін түсте туыстарына берілді. Жақындары мәйітханадан алып, Түркістан облысы Төрткүл ауылына алып кетті.
Күдікті іздестіріліп жатыр
Нұрай Серікбайдың туыстары күдікті ұсталмай жатқанына наразы. Олар қызын қоғамдық орында пышақтап, өлтірген жігітті тездетіп табуды сұрайды.
«Қызымызды айуандықпен өлтіріп отыр. Бұл – өте ауыр қайғы. Күдікті әлі ұсталмай жатыр. Талабымыз заң жүзінде қамалсын, жазасын алсын», – дейді марқұмның туысы Кәрім Кенжетаев.
Полиция күдікті ұсталмағанын растап отыр. Оқиға орны мен қылмыстық іс сәйкес келетін бағыттама да таралғаны мәлім болды. Онда күдікті ретінде 29 жастағы Шерхан Аймахан іздестіріліп жатқаны туралы ақпарат бар. Ашық дереккөзге қарағанда, күдікті 2021-2024 жыл аралығында жеке кәсіпкерлікпен айналысқан.

Қалалық полицияның дерегінше, оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабымен іс қозғалған. Күдікті кім екені анықталып, жедел іздестіру шаралары жалғасып жатыр.
Әзірге күдікті марқұмды неге пышақтағаны белгісіз. Ал марқұмның туыстары ертең Төрткөлде жаназа шығарады.