
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы мониторингі агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Ақпаратқа сүйенсек, президент ведомство қызметінің 2025 жылғы негізгі қорытындылары және алдағы кезеңге арналған міндеттер туралы есепті тыңдады.
Жанат Элиманов 1135 қылмыстық істі тергеу аяқталғанын, жәбірленушілерге 141,5 миллиард теңге өтелгенін, айналымы 128 миллиард теңгеден асатын қаражатты иемденген 15 қылмыстық топ таратылғанын, есірткі саудасы мен алаяқтықтан түскен кірістерді жылыстатқан 22 көлеңкелі криптоалмастырушының қызметіне тосқауыл қойылғанын баяндады.
«Халықты онлайн-казинолардан сақтандыру шаралары жөнінде мәлімет берілді. Атап айтқанда, төлем қызметтерін ұсынатын 35 ұйымның көмегімен 2,1 триллион теңге қаражат заңсыз айналымда жүргені анықталды. Табиғи ресурстарды барлау жұмыстарын атқармаса да, 437 жер қойнауын пайдаланушыға 625 жер телімін беру, сондай-ақ 382 мың тоннадан астам заңсыз өндірілген пайдалы қазбаны шығару фактілері тіркелді», – делінген Ақорда хабарламасында.
Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Агенттік қызметінің негізгі бағыттары бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Айта кетейік, 2025 жылдың көктемінде Тоқаев ҚММ басшысына экономикалық құқық бұзушылықтардың алдын алу, көлеңкелі айналымды азайту, заңсыз алынған активтерді жылыстатуға қарсы күрес, сондай-ақ, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырды.