
Meta компаниясы «Market Specialist – Kazakhstan» (Қазақстан бойынша нарық маманы) деп аталатын бос жұмыс орнын жариялады. Маман Дублинде отырып, Қазақстанға қатысты контентті қадағалайтын болады.
Жұмыс орны компаниядағы Жаһандық жедел әрекет ету бөліміне тиесілі. Яғни, ол Қазақстанның әлеуметтік желі кеңістігіндегі төтенше жағдайлар мен күрделі мәселелерді нақты уақыт режимінде шешуге жауапты болады.
Негізгі міндеттері:
- Тіл мен мәдениетті түсіну: Жасанды интеллект түсінбейтін, тек жергілікті халыққа тән қалжыңды, астарлы сөздерді немесе мәдени ерекшеліктерді талдайды.
- Қауіпті контентпен күрес: Қазақстандық қолданушылардан түскен шағымдарды қарайды. Балағат сөздерді, қауіпті видеоларды немесе заңсыз материалдарды өшіру туралы шешім қабылдайды.
- Дағдарыс жағдайлар: Елдегі геосаяси немесе әлеуметтік маңызды оқиғалар кезінде Meta-ның саясаты қалай болуы керек екенін айтып, кеңес береді.
- Жарнама қауіпсіздігі: Қазақстандық нарықтағы жарнамалардың заңдылығы мен қауіпсіздігін тексереді.
Үміткерге қойылатын талаптар:
- Тіл білу: Қазақ және орыс тілдерінде еркін сөйлеу және жазу.
- Білім мен тәжірибе: Жоғары білім және кемінде бір жыл осы салаға ұқсас жұмыс тәжірибесі.
- Талдау қабілеті: Мәліметтермен жұмыс істей алу (Excel, SQL, Tableau сияқты құралдарды білу құптарлық).
Еске салайық, былтырдан бері Meta компаниясы мен Ішкі істер министрлігі серіктестік орнатты. Екі тарап бірігіп, киберқылмыспен күреседі.