Қазақстан Даму банкі алғашқы цифрлық кредитті депутаттың баласының компаниясына берді

Жарияланды 12 Қаңтар 2026 10:25

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

​​General news бөлімінің редакторы a.abitay@kursiv.media
фото: Kursiv Media архиві

Қазақстан Даму Банкі цифрлық теңгедегі алғашқы кредитті рәсімдеді. Қарыз алушы – «Qazaq-Astyq Group» ЖШС. Кәсіпорын өсімдік майын өндіреді, Шығыс Қазақстан облысы мәслихатының депутаты Әсемқан Досқожановқа тиесілі. Әзірге несие сомасы белгісіз.

Банктің хабарлауынша, қаржыландыру Экспорттық-кредиттік агенттіктің (ЭКА) сақтандыруымен берілді. Транзакция операторы яғни ортада қызмет көрсетуші банк – ЦентрКредит.

Қарыз алушы «Qazaq-Astyq Group» компаниясының Абай облысында май сығу зауыты бар, өнімдерін шетелге экспорттайды. «Курсив» басылымының мәліметінше, кәсіпорынды Дәулет және Еркінбек Досқожановтар бақылайды. Олар – Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Әсемқан Досқожановтың ұлдары.

Досқожановтар отбасы мемлекеттік даму институтымен (ҚДБ) ұзақ уақыттан бері серіктес болып келеді. 2024 жылы Қазақстан Даму Банкі «Qazaq-Astyq Group» компаниясына 77 миллиард теңге көлемінде несие берген еді.

Цифрлық несиенің артықшылығы қандай?

Цифрлық теңгемен несиенің басты ерекшелігі – ақшаны «таңбалай» алатындығында. Яғни банк цифрлық несиенің қайда баратынын, қалай пайдаланып жатқанын бақылай алады.

«Цифрлық теңгені пайдалану жылдам есеп айырысуға мүмкіндік береді. Ал оны таңбалау арқылы қарыз қаражатының мақсатты жұмсалуын қатаң бақылап отыра аламыз», – деп түсіндірді БРК басқарма төрағасы Марат Елибаев.

Цифрлық теңгені Ұлттық банк шығарады және оған қолма-қол ақша сияқты мемлекет кепілдік береді.

Сондай-ақ оқыңыз